Маңғыстауда қырылған итбалық саны мыңнан асты
Каспий жағалауынан табылған итбалық өлексесінің саны бір мыңнан асты.
Балық инспекциясы басқармасының мәліметінше, 23 қазаннан бері Түпқараған ауданында жансыз күйде 900-ге тарта теңіз сүтқоректісі анықталған. Ал кеше Ақтау мен Қарақия ауданындағы Құрық портына дейінгі жағалаудан тағы 115 итбалықтың ұшасы табылды. Басым көпшілігінің ағзасы ыдырап кетуіне байланысты сынама алу мүмкін болмаған. Аумақта бақылау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Андрей Руцкий, облыстық балық инспекция басқармасы басшысының м.а.:
- Каспий жағасындағы елді мекендердің маңынан табылған итбалық өлекселері 1034-ке жетті. Жергілікті әкімдік қызметкерлерімен оларды жинау, арнайы орында жою шаралары атқарылып жатыр. Теңіз жағалауында көлікпен жету қиын жерлер бар, олардың барлығын жаяу аралау үшін уақыт керек.