Каспий жағалауында итбалық өлекселерінің саны екі мыңға жуықтады

Каспий жағалауынан табылған итбалық өлекселерінің саны екі мыңға жуықтады, деп хабарлайды 24KZ. Зерттеулердің қорытындысы 3-4 айда белгілі болады. Сонан соң ғана түпкілікті қорытынды жасалады.

2008 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағы Каспий итбалығының жойылып кету қаупі барын жеткізген. Ондаған жылдар бойы мұнай барлау, өнеркәсіптік ластану және шамадан тыс балық аулау Каспий экожүйесіне зиян келтіріп, 1970 жылдардан бері итбалықтар саны екі есеге азайды. ХХ ғасырдың басында итбалықтар саны 1,2 миллионға жетсе, бүгінде 270 мыңнан азайып кеткен көрінеді. Бірақ нақты санын ешкім дөп басып айта алмайды.

Теңіз сүтқоректілерінің ұшалары Түпқараған және Қарақия ауданында табылған. Балық инспекциясының мамандары шекара қызметімен бірлесіп, Құлалы, Теңіз, Подгорный аралдары, Қаражанбас және Қаламқас жеріне барлау жүргізді. Маңғыстаудағы Каспий теңізінің жағалауында итбалықтардың қырылып жатқаны жайында өткен айдың соңында белгілі болды.