«Таза Қазақстан»: Ақтөбе облысында 356 мың түп ағаш егілді
«Таза Қазақстан» акциясы аясында биыл Ақтөбе облысында қарағай мен шырша, көк терек пен үйеңкі, емен сияқты өңірге жерсінген 356 мыңнан астам көшет егілді, деп хабарлайды 24KZ. Өңірдегі 300-ге жуық саябақ пен қоғамдық демалыс орындары абаттандырылып, 98 мыңнан астам аула тазартылды. 71 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сенбіліктерге 405 мыңнан астам тұрғын қатысқан.
Бүгін Ақтөбе жастары атқарылған жұмыстарды қорытындылап, экологиялық жоспарды талқылады. Кездесуде қоғам белсенділері қоршаған ортаға қамқорлық құндылықтарын насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Мәселен, Қайыржан Таңатаров шаһардың жаңадан бой көтеріп жатқан ауданына жүз түп қарағай көшетін еккен және бұл үрдісті одан әрі жалғастыруға шақырды. «Таза Қазақстан» тазалық жобасымен ұштасатын «Жүз тал» жобасы елдің өзге де өңірлерінде жалғасын тапса дейді.
Қайыржан Таңатаров, қоғам белсендісі:
- Әрбір қазақстандыққа сырттан келіп, елімізді ешкім көркейтпейді дегім келеді. «Әкімдік істейді», – деп те қол қусырып отырмаған жөн. Әркім өзі үшін, балалары мен болашағы үшін ағаш ексе деймін. 10, тіпті 100 сотық жерге көшет отырғызып қажет емес. 10 тіпті 5 түп тал егіп, қасына жайлы орындық орнатса болады. Бұл бастаманы еліміздің барлық өңір тұрғындарына жолдай отыра қолдау табамын деп үміттенем. Себебі артыңнан із қалдыратын ең қарапайым қадам – осы.