«Таза Қазақстан» экоакциясы Түркістан облысы Сайрам ауданында жалғасты

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының кезекті тазалық науқаны Түркістан облысының Сайрам ауданында жалғасты.

Көлкент ауылының тұрғындары мен белсенді жастар елді мекен маңындағы жолдардың бойын қоқыстан тазартты. Одан кейін жұрт тынығатын демалыс орындарын ретке келтірді. «Шатқал» саябағының аумағындағы қураған ағаштардың бұтақтарын кесіп, жаңадан шырша, қарағай, жиде, қараағаш көшеттерін отырғызды. «Аманат» партиясының ұйытқы болуымен жүзеге асқан тазалық шарасына ауыл тұрғындары ризашылықтарын жеткізіп жатыр. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шара көршілес ауылдарда да жалғасын табуда.

Жасұлан Әбубәкірұлы, Теспе ауылының тұрғыны:

- Бұрын осы тазалау барысында бір километрде 8-9 қапқа дейін қоқыс шығатын. Қазіргі таңда халық тазалықты көріп, мәдениет қалыптастырғаннан кейін 2-3 қаптан асып жатқан жоқ. Жәймен жәймен дәл осылай іс шаралар жалғаса берсе, халық тазалықты үйренеді.