Ғалымдар: Экожүйенің бұзылуы мен климаттың өзгеруінен тасқын қаупі артты
Биыл әлем тасқыннан көп жапа шекті, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, Орталық Азия, шығыс және батыс Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Орталық Еуропа аймағына әсер еткен табиғат апатынан жер жаһанға үлкен шығын келді. Ғалымдардың айтуынша, экожүйенің бұзылуы, климаттың өзгеруі мен Эль-Ниньо құбылысы тасқын қаупінің одан әрі артуына ықпал етті. Қазір Ұлыбритания, Испания сияқты дамыған елдер алапат апатпен күресіп жатыр.
Ұлыбританияға өткен демалыста Берт дауылы соғып, артынша шелектеп жаңбыр жауып, мұның соңы тасқынға ұласты. Салдарынан Уэльстің оңтүстік аудандары мен Англияның оңтүстік-батысы қатты зардап шекті. Жүздеген үйді су шайып, теміржол жартылай істен шықты. Инфрақұрылымға зақым келген. Мамандар кей жерлерде жауын-шашынның 1 айлық мөлшері түсті дейді. Желдің екпіні сағатына 120 шақырымды көрсетті. Англияда қазір 350 мың үй жарықсыз отыр. Ал табиғат апатынан 5 адам опат болды. Оксфордшир мен Беркшир шаһарларына да тасқын қаупі төніп тұр. Жергілікті билік апатқа қарсы дайындықты күшейтті. Тосқауылдар орнатып, су сорғыларын әзірлеп жатыр. Метереологтар Англияның оңтүстігіне жауын-шашын туралы алдын ала ескерту жариялады.
Индонезияда көшкіннен кейін іздеу-құтқару жалғасып жатыр
Индонезияның Суматра аралында тасқын мен лай көшкінінен кейін із-түзсіз кеткендерді іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оған жүзден астам құтқару бригадасы мен ондаған техника жұмылдырылған. Жергілікті төтенше жағдай агенттігінің хабарлауынша, табиғи апаттан 16 адам опат болып, 7 адам ізім-қайым жоқ. Ал зардап шеккен Каро, Паданг Лавас, Тапанули Селатан, Дели Серданг округтерінде жағдай күрделі. Тұрғын үйлер мен ғибадатханалар, ауыл шаруашылығы алқаптары бүлінген. Кей елді мекендерге апаратын көлік жолы шектеліп, қозғалыс қиындаған. Мамандар қолайсыз күн райы әлі бірнеше күн сақталады дейді.
Ахмад Африан Рангкути, Индонезия әскери қызметінің өкілі:
- Толассыз жаңбырдан жоғалған жеті азаматты іздеу қиынға соғып жатыр. Соған қарамастан біздің бригада үйінділерді аршып, полиция мен әскердің көмегімен іздеу процесін тоқтатқан жоқ. Құтқару жұмыстары сенбіге дейін жалғасады.
Газа секторында тұрғындар лашығын теңіз суы шайып кетті
Газа секторының орталығындағы Дейр-әл-Балах ауданында қатты жауын жауып, тұрғындар қоныстанған аумақты су басып қалды. Онсыз да барар жер, басар тауы жоқ жұрттың енді бассауғалар лашығы да жарамсыз қалды. Себебі шелектеп жауған жаңбыр лашықты тесіп өтіп, оған қоса, жағалаудағы теңіз суы сол жерді жайпап өткен. 12 мыңнан астам лашық бүлінген. Ол аздай, күн суып, қыстың қаһарына мінуі тұрғындарды әбден титықтатып жіберді. Айта кетейік, былтыр қазан айынан бері анклавтан 2,3 млн палестиналық қонысын тастап кетті.
Жергілікті тұрғын:
- Теңіз бүгін түнде тағы 2-3 метрге көтеріледі. Бұлай жалғаса берсе, теңіз суы бізді жайпап өтеді. Біз қанша жерден қоршау қойып, құм төсегенімізбен, теңіз оны шайып кетіп жатыр. Мұнан басқа барар жеріміз жоқ, әсіресе, балаларымызға қиын. Күндіз жағдайды бақылауда ұстармыз, ал түнде не болатынын бір Құдай біледі.
Гана жұрты тасқынға дайындықты бастап кетті
Ал Гана астанасы Аккра қаласы тасқынға дайындықты бастап кетті. Жергілікті билік су басу қаупі төнгенін хабарлап, шұғыл ескерту жариялады. Қазір елде тасқыннан қорғау және алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Ал тасқынға төтеп бере алмайтын аймақтың тұрғындарын мамандар қауіпсіз жерге көшірді. Өйткені Аккрадағы біраз үй ойпатты жерде орналасқан.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева