Түркістанда «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай жүз көшет отырғызылды

100 жылдыққа 100 түп көшет. Оңтүстік қаламгерлерінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ғасырлық тойы осылай басталды, деп хабарлайды 24kz.

Түркістанда өткен салтанатты шараға басылымда әр жылдары қызмет еткен ардагер журналистер мен газет ұжымы, басқа да қаламгерлер қатысты. Жиналғандар «Оңтүстік Қазақстан» газетінің аллеясына көшет отырғызды. Түркістанның қасиетті топырағына шаншылған шыбықтар болашақта жасыл желекке айналып, шахарға сән берері сөзсіз. Сұлтанбек Қожанов негізін қалаған басылым алғашында «Ақжол» деген атпен жарық көрген. Газетке Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Нәзір Төреқұлов, Ғани Мұратбаев сынды Алаш қайраткерлері мақала жазып тұрған. Бүгінде еліміздің оңтүстігінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің мектебінен өтпеген, шығармашылық жолы осы басылыммен байланыспаған қаламгерлер кемде-кем. Жалпы қазақ басылымдарының ішінде жүз жылдықтың белесіне жеткендері көп емес.

Абай Балажан, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы:

- Газеттің «Оңтүтік Қазақстан» деген атын Бейсенбай Кенжебаев қойған. Өлкелер құрылып жатқан кезді пайдаланып, «Ленин жолы» дейтін аттан шығып кеткен ғой. Сол заманда. Бұны рухани ерлік деп айтасың. Осы газетті ашқан, осында қызмет атқарған, редактор болған, тілші ағаларымыздың көпшілігі 30 жылдардың репрессиясына ілініп кеткен. Ағаларымыз бұдан да қиын күндерде жұмыс істеді ғой, ең бастысы, елдің сағы сынбасын. «Ел аман болса, бізде аманбыз» деп осындай бағытта жұмыс істеп жатырмыз.