Каспий деңгейі екі метрге төмендеді

Каспий тайызданып барады.

Қазгидромет дерегінше, 2006 жылдан бері судың деңгейі 2 метрге төмендеген. Бұл құбылысты Ақтау тұрғындары да байқап, интернетке видеолар ЖҮКТЕП жатыр. Көпшілік бірнеше жыл бұрын түсірілген қала жағажайы мен оның бүгінгі көрінісін салыстырып, теңіздің тартылу себебін анықтау қажет деп дабыл қағуда. Ал табиғат жанашырлары Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институтын құру жұмыстарын жеделдетуді сұрайды.

Әуесқой фотограф Қанатбек Кенжеғұлов үш жыл бұрын теңізде тастың үстіне қонақтаған қос шағаланы түсіріпті. «Сол кезде жартастың екі ұшы су бетінде көрініп тұрды. Қазір су жағалаудан шегініп кеткесін, басқа да ірілі-ұсақ тастармен бірге құрлыққа шығып қалды. Осыған қарап Каспийдің қаншалықты тартылғанын байқауға болады» -дейді қала тұрғыны.

Қанатбек Кенжеғұлов, қала тұрғыны:

- Мына жердің бәрі су болған, қазір дәл осы тұрған жеріміз су болған. Оны менің бұрынғы фотоларыма қарағанда құстардың тастың үстінде тұрғанын байқауға болады. 2021 жылы түсірген фотом бар, сол тастың үстінде тұрған. Сол тас қазір қарап отырсаңыз қазір 1 метрге кетіп қалды, теңіздің суы кетіп қалды. Тез кетіп бара жатыр.

Экологтардың пайымдауынша, теңіздің тайыздануынан су түбіндегі қысым азайып, улы газдар бөлінуі мүмкін. Бұдан оның флорасы мен фаунасына қауіп бар.

«Мәселенің шешудің бір жолы - Каспий маңындағы бес мемлекет өзара келісімге келіп, айдынға жүзден астам өзеннен келіп құйылатын судың мөлшерін көбейту қажет», - дейді мамандар.

Әділбек Қозыбақов, эколог:

- Жалпы Каспий теңізіне құйылып жатқан судың 80 пайызы ол Еділ өзенінен келіп жатыр. Екінші орында Жайық өзенінен келіп жатыр және басқа да мына Кавказ тауларынан құйылып жатқан өзендер бар. Еділден құйылатын су азайғаны анық. Себебі Ресей тарапынан көптеген суды тоқтататын, көп мөлшерде пайдаланатын қондырғылар құрылып, жұмыс жасап жатыр екен. Сондықтан бұл жерде Ресей мен Қазақстан жалпы 5 мемлекет арасында келісімшарттар жасалып, осындай кедергілерді болдырмау керек деп ойлаймын. Оны нақты зерттеу үшін арнайы ғылыми зерттеу жұмыстары толыққанды жүргізілуі керек.

Мемлекет басшысы 2022 жылы Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институтын құруды тапсырған болатын. Су айдынының таяздануын, оның экожүйесін кешенді түрде зерттейтін мекеме Ақтауда орналасады деп жарияланды. Бірақ, бұл жобаның нақты қашан жүзеге асатыны белгісіз.

Рита Орынбасарова, ҚР ЭТРМ Экологиялық саясат департаментінің бас сарапшысы:

- ҚР Премьер-министрінің орынбасарының тапсырмасымен ағымдағы жылдың қыркүйек айында Каспий теңізін ғылыми зерттеу институты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағына берілді. Қаулы жобасымен су ресурстары және ирригация министрлігінен экология министрлігіне мүлікті беру, Каспий теңізі ғылыми зерттеу институтының жарғылық капиталын қалыптастыру қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта қаулы жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімін өтуде.

Ақтаудың тыныс-тіршілігі Каспиймен тікелей байланысты. Теңіз суын тұщытып ішіп отырған қала жағажайы 10 жыл абаттандырылған еді. Толқын соққан жағалауда «Жартасты соқпақ», «Дала амфитеатры» секілді көптеген туристік орындар салынды. Алдағы уақытта теңіз деңгейінің түсуі жалғаса беретін болса, бұл нысандар қаланың қақ ортасында қалуы мүмкін.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев