Астаналық еріктілер зейнеткерлердің ауласын қардан тазартты

Астанада «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Байқоңыр ауданы әкімдігінің өзі жыл басынан бері мыңнан астам жалғызбасты зейнеткерге қол ұшын созып, жәрдемдескен. Игі істен елордалық еріктілер де тыс қалмады.

Кешеден бері толассыз жауған ұлпа қар көшелерді басып тастады. Бұл аулаларын өз бетінше қардан тазарта алмайтын егде жастағы жалғызбасты жандарға айтарлықтай қиын. Соған байланысты аудан әкімдігі өкілдері мен белсенділер және еріктілер бас қосып, қарияларға қамқорлық танытты.       

Мүслім Көбей, ерікті:

- Олардың өздігінен қар тазалауға мүмкіндігі жоқ. Сол үшін Астана жастарынан еріктілерді жинап, осында әкеледі. Сосын қар тазалаймыз. Өзім өмірде басқалармен әңгімелеспеймін, адамдармен араласпаймын. Осындай жерлерде мен өзімді еркін сезінемін, бір команда болып жұмыс істейміз.

Маганья Гарифуллина, зейнеткер:

- Маған ауланың қарын тазарту қиын. Үйде жалғыз өзім тұратындықтан әрі жасым да келгендіктен, ауыр жұмыстар істей алмаймын. Соны түсініп, қол ұшын созған қайырымды жандарға алғысым шексіз. Бұл адамдар маған үнемі қарасып, жәрдемдесіп жүреді.

Байқоңыр ауданында жалғызбастылар өте көп. Әкімдік өкілдеріне қарттар мен ардагерлер, тыл еңбеккерлері мен мүгедектігі бар зейнеткерлерден шақырту жиі келеді.

Жанболат Тұртаев, Байқоңыр ауданы әлеуметтік сала бөлімінің басшысы:

- Ауданның өзінде 44 мың жалғызбасты адам бар. Оның 24 мыңы – зейнеткерлер, 1200 тыл жұмысшылары, 5731-і мүгедектігі бар адамдар, 5611 көпбалалы аналар бар. Осылардың барлығына Байқоңыр ауданы бойынша мердігерлердің демеуімен осылай көмек береміз.

Еріктілер қар тазартудан бөлек үй шарушылығына көмектесу, азық-түлік табыстау, көмір түсіру секілді жұмыстарға тартылады. Акцияның мақсаты да осы – адамдарды қайырымдылықпен айналысуға шақыру.

Елизавета Прибыткова, ерікті:

- Олар еріктілерді жыл сайын күтеді. Өз басым мұқтаж адамдарға көмектесуден қашпаймын. Осы жақта тұратындардың көбін танимын. Өзгелерге көңіл бөлу, мейірім таныту керемет қасиет қой. Сәйкесінше үлкендерден бата алып, жүрегіміз жылып қалады.        

Еріктілер мұнымен тоқтап қалмайды. Әркез қарияларға жәрдемдесуге дайын. Тіпті ұйымдастырушылар жаңа жыл қарсаңында жалғызбасты жандарды тасада қалдырмай, мерекелік көңіл-күй сыйламақшы.

Авторлары: Мерей Қанапия, Мадияр Қындыбаев.