Қазақстанның 15 қаласында ауаның ластану деңгейі жоғары

Әсіресе Алматы және Қарағандыда бұл көрсеткіш «өте жоғары» деңгейде.

Бұл туралы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысында айтылды. Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалағымен өткен жиында өңірлердің экологиялық жағдайын жақсарту жайы талқыланды. Мәселен, Алматыда ауаға шыққан зиянды зарттардың көлемі 225 мың тоннаға жетті. Мамандардың есебінше, оның 84%-ы мегаполистің өзіне тиесілі. Қалада зиянды қалдықтардың 60%-ын автокөліктер, ал 27%-ын өнеркәсіп кәсіпорындары шығарады. Әкім Ерболат Досаев «жасыл экономикаға» көшу жоспарында Атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа ережелері әзірленгенін, ол 2025 жылдың бірінші тоқсанында Мәслихаттың қарауына ұсынылатынын атап өтті. Ал Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын 145 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі, оның 22%-ы қайта өңделеді. 2025 жылы жылына 36 мың тонна қалдықты сұрыптауға, 10 мың тонна тауарлық битум мен 10 мың тонна биоотын алуға мүмкіндік беретін жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы соңғы жылдары облыс орталығында зиянды заттар көлемі 9,5%-ға төмендеген.

Әлішер Әбдіқадыров,Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

«Келесі жылы біз газбен жүретін тағы 600 автобус пен 200 электр автобусын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Осының арқасында экологиялық таза қоғамдық көліктің үлесі 70%-ға дейін көбейеді. Сондай-ақ екі жылу электр орталығын газға көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылдың желтоқсан айынан бастап кешендерді кезең-кезеңімен іске қосу жоспарлануда. Ол 2026 жылы толық аяқталатын болады. Жылу электр орталықтарын газға ауыстырудың арқасында қалдықтар 90%-ға төмендетілетін болады».