Шымкенттіктер жеке тұрғын үй секторларын күл-қоқыстан тазартты
Шымкенттіктер де «Таза бейсенбі» акциясы аясында, жеке тұрғын үй секторларын күл-қоқыстан тазартты, деп хабарлайды 24kz.
Тазалық шарасына аманаттықтар, қоғам белсенділері, жастар мен коммуналдық саланың 60 жұмысшысы қатысты. Жаңадан бой көтерген «Шым-сити» шағынауданы аумағындағы құрылыс қалдықтары жиналып, полигонға шығарылды. «Аманат» партиясының мүшелері эконауқанды биыл да жалғастырады. Арнайы кесте жасалып, тазалық күндері бекітіледі. Өзен-көлдің аумағы мен республикалық маңызы бар трассаның бойы және қоғамдық орындардың айналасы тазартылады. Былтыр «Таза бейсенбі» экологиялық шарасы 30 рет ұйымдастырылып, 50 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Әбдез Рахманұлы, «Amanat» партиясы Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы:
- Таза жерде тұратын болсаң, таза жерде жүретін болсаң, ойың да таза болады деп ойлаймын. Денсаулығың да дұрыс болады. Біздің байқағанымыз, осы акцияға соңғы кездері әлеуметтік желіден, бұқаралық ақпарат құралдарынан көрген тұрғындарымыз көбірек қатыса бастады.