Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» акциясы өтті
Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы барлық оқу орындарында экологиялық танымдық сабақтар өтті.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы шараға Тәйімбет Көмекбаев атындағы №250 мектеп ұжымы да атсалысты. Ұстаздар қауымы «Экология - балалар көзімен» атты ашық сабақ өткізіп, оқушыларға қоршаған орта туралы кеңінен мәлімет берді. Танымдық шара Қармақшы аудандық аграрлық-техникалық колледжде жалғасын тапты. Жарты ғасырлық тарихы бар білім ошағында, жүзден астам студент 8 түрлі жұмысшы мамандығы бойынша білім алады. «Экологиялық сабақ барысында қоқысты қайта өңдеу тақырыбы кеңінен талқыланды», дейді ұстаздар.
Әзиз Досболов, аграрлық-техникалық колледж директорының орынбасары:
- Қоқысты, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу немесе оларды жою, сонымен қатар қоршаған ортаны таза ұстау бағытында осындай экологиялық сананы қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіле бермек.