«Ертіс орманы» резерватында орманшылар қарағай тұқымын жинап жатыр
«Ертіс орманы» табиғи резерватында орманшылар қарағай тұқымын жинап жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Ағаштың өңделіп, кептірілген бүрі жергілікті тұқымбаққа егіледі. Екі жылдан кейін жас көшеттер қылқан жапырақты орман қорын толтырады. Бір маусымда «Ертіс орманы» 42 тонна тұқым жинайды.
Тұқымдық материалға қарағай бүрлерінің қандай түрлері жарамды? Біріншіден, ол үлкен әрі толық пісіп жетілген болуы керек. Қабыршықтарының бір-біріне тығыз орналасуы да маңызды. Ол тұқымның қорғалғанын және толық кеуіп кетпегенін білдіреді
Сейтен орманшылығының шебері Мерхат Бүркітбаев тұқым жинау процесіне жыл сайын қатысады. «Сырт көзге оңай көрінгенімен, қарағай бүрін жинау оңай шаруа емес. Тұқым алынатын қарағайдың сапасы жақсы болуы қажет», – дейді ол.
Мерхат Бүркітбаев, «Ертіс орманы» табиғи резерваты, Сейтен орманшылығының шебері:
- Піскен бүршік осындай қоңыр, қара түсті болу керек және, міне, қатпарлары бәрі жабық, ылғалданбаған, құрғақ болуы тиіс. Осындай піскен және ылғалдылығы жоқ нағыз бүршіктен сапалы тұқым шығады. Сосын бұл өзіміздің бүршік кептіргішке барып, сонда кептіріліп, ішіндегі тұқымдары алынып, өзіміздің жергілікті тұқымбаққа апарылып, сонда егіліп, екі жылдан кейін, құдай қаласа, өзінің жемісін береді.
«Ертіс орманы» табиғи резерваты бір маусымда 42 тоннадай қарағай бүрін жинауды жоспарлап отыр. Күніне 600-700 келіге дейін тұқым өңделеді. Қылқан жапырақты орман үшін биыл ауа райы аса қолайлы. Ылғал қоры мол болған жылы қарағай тұқымы да көп түседі.
Марат Аманов, «Ертіс орманы» табиғи резерваты директорының орынбасары:
- Орташа есеппен санасақ, орманшылыққа төрт тоннадан келеді. Жалпы алғанда Шалдай филиалы 42 тонна өнім жинауы керек. Тұқым кептіргіш қыс айларында сол 42 тонна қарағай бүрін өңдеп үлгереді. Шалдай орманшылығы жыл сайын шамамен 4,5 гектар жерге тұқым егеді.
Елімізде орманды қалпына келтіру бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Қазақстанның сұлу табиғатын сақтауға орман шаруашылықтары да айтарлықтай үлес қосып жатыр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.