Қарағанды – әлемдегі ауасы лас 50 қаланың бірі

Кеншілер шаһары өндіріс ошақтары мен жеке үйлердің қою қара түтінінен көз ашпай отыр.

Тұрғындар тіпті терезе ашудан қалған. «Күрделі метеорологиялық жағдайды сейілтудің бір жолы - көгілдір отынға көшу, көмір сапасын қадағалау» - дейді мамандар.

Қаланы қою түтін таңертең және кешкілік басып кетеді. Бұл уақытта көшеде жүру өте қиын. Себебі қолқаны қабатын иістен жұтқыншағың ашып, жөтел пайда болады,-дейді тұрғындар. Қыс мезгілінде болатын бұл жағдай соңғы үш жылда тіпті кұрделеніп кеткен.

БЛИЦ

- Таңғы бес жарымда шыққанда демала алмайсың. Угарный газ болады иә. Мына пештің түтіні масқара болады.

- Мен негізі Шымкенттің қызымын. Бізде ауа күшті ғой. Мына жаққа енді үйреніп жатырмыз түтіннің исіне. Қар таза емес, қап-қара болып кетеді түтіннен.

- Жаңағы бронхоның ауруы барлығы осыдан ғой. Бүкіла урудың барлығы осыдан. Мына жер үйлерде пеш жағып жатыр. Терезені ашпаймыз ғой біз. Жауып тастаймыз ғой. Газды тартуды көбейту керек және бағасын ыңғайлы ету керек болды ғой ксілерге. Себебі үйіне трубаны келтіріп қойғанымен оның установкасының бағасынан қашады көбісі.

Экологтар жақында Қарағандының әр жерінен сынама алып, ауа өте лас екенін анықтаған. Әсіресе азот диоксиді мен көміртек тотығының мөлшері нормадан бірнеше есе көп. Сондықтан қала көшелері үнемі көк түтін болып тұрады.

Римма Рахимбекова, облыстық экология департаментінің бас маманы:

- Қаланың Майқұдық, Михайлов, Пришахтинск аудандарында ауадағы зиянды заттар мөлшері тым көбейген. Бұл аумақтарда пеш жағатын жеке үйлер көп. Оған өндірІс орындары мен көліктердің түтінін қосыңыз. Дегенмен ауаны басты ластап жатқан ол үйлердің мұржасынан шығатын түтін. Оларға жекелей шара қолдана алмаймыз.

Халықаралық IQAir зерттеу сайтының берген мәліметі бойынша Қарағандыдағы ауаның ластануы Үндістан мен Пәкістан қалаларымен шамалас тұр. Ауадағы зиянды заттар мөлшері Бұкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен нормадан 14 есеге жоғары. Қазіргі таңда Қарағанды әлемдегі ең ауасы лас 50 шаһардың арасында 44-орында тұр.

Дмитрий Калмыков, эколог:

- Бұл мәселені түбегейлі шешу қажет. Қазір әр өңірдің экологиясын жақсартуға қаржы бөлінеді. Ол үлкен соммадағы қаражат. Неге  соны жеке үйлерге газбен жұмыс істейтін, немесе арнайы зиянды қалдықтарды сүзетін жабдығы бар  пештер қоюға  жұмсамасқа? Болмаса тоқпен жұмыс істейтінін орнатсын, орталық жылу жүйесіне қоссын, газ тартсын. Жағып отырған көмірдің сапасын да қадағалау керек.

Ауаны автокөлік, өндіріс орындары мен жылу энергия орталығы да ластап жатыр, дейді экологтар. Бірақ ең көп түтін жеке үйлерден таралады екен. Мұржалардан будақтаған түтіннен құтылудың жалғыз жолы - көгілдір отынға көшу. Қазіргі уақытта қалада 300 шақырым газ тарату желілері тартылған. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, барлығы 14 іске қосу кешені салынады. Көгілдір отын 10 мың үйге тартылады. Бүгінгі таңда 3,5 мың үй табиғи отынды пайдаланып отыр.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков