Шығысқазақстандық оқушылар ұлттық табиғи паркті қамқорлыққа алды

Шығыс Қазақстан облысының оқушылары Қатон-Қарағай ұлттық табиғи паркін көгалдандыруға атсалысады, деп хабарлайды 24kz.

Қазір Алтай тауларында оқушылардан тұратын 10 орман шаруашылығы құрылды. Балалардың бұл бастамасы биологтар мен ағаш өсірушілерден қолдау тапты. Мамандар волонтерлерді көктемде көшеттермен қамтамасыз ету үшін дәндерді өңдеп, тұқым дайындауға кірісті. Оқушылар оны орман алқаптарындағы елді мекендер маңына егеді. Жалпы өңірдегі тәлімбақтарда жылына 200 мыңға жуық көшет өсіріледі.

Алғадай Асқабұлов, «Қатон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ бөлім бастығы:

- Бүгінгі күнде 3 мектепте осындай шаралар өткізілді. Алдағы уақытта қалған 7 мектепте де осындай шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы бұл оқушыларды бұл шараға ұйымдастыруымыздың себебі – болашақта табиғат қорғау саласына келетін мамандарды көбейтті, баулпы, үйрету болып табылады.