Түркістан көшелерінен 10 тонна қоқыс шығарылды

«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбілікке 500-ге жуық қала тұрғыны қатысты.

Халық таң сәріден коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерімен бірлесіп, Тәуке хан, Пошанов және Абылай хан көшесін тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Бәрін жинап, арнайы полигонға тасымалдауға 25 техника жұмылдырылды.

Смадияр Сәбіров, қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі басшысының орынбасары:

- Көшелердің маңыздылығына қарай және де шеткі аумақтарда қалмайды бұл акциядан. Өзіміз картамен белгілеп, іс-шара жоспарын бекітіп қойғанбыз. Сол жоспарға сәйкес жүргізудеміз. Бұдан бөлек қазір мынау орталық базар бар ғой, Қуаныш базарынан артындағы «Ататүрік» көшесінде кәсіпкерлерді жұмылдыра отырып, ол жерде де тазалық жұмыстары жүргізілуде.