Елде «Таза Қазақстан» акциясына 6,2 млн адам қатысқан

Елде «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері оған 6 млн-нан астам адам қатысып, 1 млн тоннадан аса қоқыс жиналған. Отырғызылған жасыл желек саны 1 жарым млн-нан асады.

Түркістан көшелерінен 10 тонна қоқыс шығарылды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбілікке 500-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Халық таң сәріден коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерімен бірлесіп  Тәуке хан, Пошанов және Абылай хан көшесін тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Бәрін жинап, арнайы полигонға тасымалдауға 25 техника жұмылдырылған.

Смадияр Сәбіров, Түркістан қаласы Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі басшысының орынбасары:

- Көшелердің маңыздылығына қарай және де шеткі аумақтарда қалмайды бұл акциядан. Өзіміз картамен белгілеп, іс-шара жоспарын бекітіп қойғанбыз. Сол жоспарға сәйкес жүргізудеміз. Бұдан бөлек, қазір мынау орталық базар бар ғой, Қуаныш базарынан артындағы «Ататүрік» көшесінде кәсіпкерлерді жұмылдыра отырып, ол жерде де тазалық жұмыстары жүргізілуде.

Cондай-ақ Абай облысының Ақсуат ауданында жалпыұлттық экологиялық бағдарлама аясында қарияларға көмек көрсетілді. Өңір жастары еңбек ардагерлері мен жалғызілікті жандардың ауласын қардан тазартты. Мұндай акциялар өскелең ұрпақты тәрбиелеуде өте маңызды, – дейді ұйымдастырушылар. Ақсуат жастары мүмкіндігінше аудандағы көмекке мұқтаж қарттардың барлығын қамтуға тырысамыз дейді. Жалпы “Таза Қазақстан” бағдарламасы бастау алғалы бері өңірде  100 ден астам сенбілік өтіп, 60 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған.

Бағи Ербаева, Ақсуат ауданының тұрғыны:

- Жас келсе іске, кәрі келсе асқа дейді. Жастардың келгені бізге өте қуанышты. Істелмей жатқан жұмысымыз істеледі, көңіліміздегін айтамыз. Жастарға қазір жұмыс па бұл. Қолдарының ұшыменен істей салады. Ал бізге мына бір аттам жерді жүру қиын. Сондықтан жастардың ісі өрге баса берсін.

Жаңасыл Әлихан, Ақсуат аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры:

- Бұл дегеніміз жастар үшін қарттарымыздың өмірін жеңілдету. Морлальдық қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылады. Еріктілер шын ниетімен, ерікті екендерін білдіре отырып көмек қолын созады. Іс шараның аяғында қарттардан бата алып үйренген жастар.

Бүгінде елде чат-бот арқылы тұрғындардан 11 мыңға жуық өтініш келіп түссе, соның 9 мың 700-ден астамы орындалған. Азаматтардың басым бөлігі аумақтарды тазалап, көшелерді абаттандыру және тұрмыстық қалдықтарды шығару, жолдарды жөндеу бойынша жүгінген. Өңірлер арасында ең көп өтініш Алматы мен Астана қалаларынан және Түркістан облысынан келіп түскен.

 

Авторы: Мерей Қанапия