Өзбекстан ағаш егуде Қазақстан тәжірибесін негізге алды

Өзбекстан «Жасыл мекен» бағдарламасы аясында жыл сайын 200 млн түп ағаш егуді қолға алмақ. Осылайша 2030 жылға дейін елдегі 30% аумақты жасыл желекке айналдыру көзделген. Халықаралық тәжірибе ретінде 2021 жылы елімізде бекітілген «Жасыл Қазақстан» жобасын негізге алған. Біздің бағдарламада 2 млрд түп ағаш егу жоспарланған.

Өзбекстан аумағының басым бөлігі құрғақ топырақты, шөлейтті келеді. Ағаш отырғызуда жаңа технология қолданылмаса, еккен желектің көктеуі екіталай. Экологтар осы жағын да ескеріп, суару құралғыларын орнатпақ. Ал оған қажетті қуатты күн панельдерінен алу көзделіп отыр.

Улмаз Сабиров, Өзбекстан Экология министрлігі қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы:

- Халықаралық тәжірибеге жүгінетін болсақ, Қазақстандағы көгалдандыру бағдарламасын үлгі еттік. Соңғы 3-4 жылда көрші елде 453 мың гектар жасыл желек егілген. Францияны да алып қарасақ. Жері шағын болғанымен халқы көп, ал территориясының басым бөлігі орманды алқап. Бұл елдің экологиясы әлемде таза мемлекеттердің қатарында тұр.

БҰҰ жанындағы қоршаған ортаны зерттеу институты 2030 жылға қарай ғаламдық климаттық жылыну салдарынан Өзбекстанда ауа температурасы 2-3 градусқа жоғарлайды деген болжам айтады. Демек аптап ыстықта миллиондап егілген ағаш қорған болады.

Орталық Азия елдері қазірдің өзінде экологиялық және климаттық қиындықтармен бетпе бет келіп отыр. Ең үлкен мәселе ол, әрине, судың аздығы. Егер Орталық Азия аймағы халқының 50%-і аграрлық салада еңбек ететінін ескерсек, тіршілік нәрінің кемуі азық-түлік бағасына да әсері тиері анық. Ал осы тектес бағдарламалар жүзеге асса, сәл де болса экологиялық ахуал дұрысталады деген үміт бар. 

Авторы: Дулат Нуркин.