Биыл 1223 елді мекенді су басу қаупі бар

Бүгінде елде 1223 елді мекен су басу қаупі бар аймақтарда тұр.

Көктемгі тасқын кезеңіне жедел дайындық мақсатында азаматтық қорғау қызметтерінен жалпы саны 37 мыңнан астам құтқарушы, 13 мыңнан астам техника жасақталды. 4096 су айдау және 640 жүзу құралы дайындалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінен қосымша резервтік топтар әзірленді. Бұл жайында ведомство басшысы Шыңғыс Әрінов баяндады. Бүгін Сенатта су тасқынының алдын алу мәселелері қаралды. Министрдің айтуынша, мамандар мен мүдделі мемлекеттік органдар күн сайын қар деңгейі, өзендердің жай-күйі және ауа райы туралы деректерді талдауда. Бұл ықтимал қауіпті учаскелерді ерте анықтап, қажет жағдайда жедел ден қоюға сондай-ақ халықты уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді. Өңірлердегі арнайы және инженерлік техникалардың дайындығы «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары шеңберінде тексеріледі. Айта кетейік, былтыр елде Мемлекет басшысының тапсырмасымен министрлік қарамағында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды. Ықтимал су тасқынын жою тәсіллдері де қайта қаралды.