Өскемен полициясы 130 заңсыз қоқыс алаңын анықтады

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Өскемен полициясы 130 заңсыз қоқыс алаңын анықтады, деп хабарлайды 24kz.

Сақшылар қала көшелеріндегі қар күреу жұмысын да үнемі назарда ұстайды. Полиция қызметкерлері шұғыл топ құрамында аулаларды аралап, қар басқан аумақтарға коммуналдық қызметті бағыттап отырады.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Өскеменде бір апта бойы толассыз қар жауып тұр. Коммуналдық қызмет үшін нағыз қарбалас шақ. Адам бойына жетеғабыл қарды тазартып әлек. Ал кейбір кәсіпкерлер өздерінің дүкен, дәмхана алдын күреп, сыпыруға құлықсыз. Оларға полиция қызметкерлері әсер етуге тырысып жүр. Әзірге айыппұл салып жатқан жоқ, тек түсінік жұмыстарымен шектеледі.

Дархан Бұланов, жергілікті полиция қызметінің басшысы:

- Ол мекемелерге қатысты орындардың маңайларын бәрін таза ұстау бойынша, ол бойынша біз бірінші ескертеміз, уақыт береміз. Одан кейін барып ғана егер орындалмай жатқан жағдайда айыппұлдар салынып, әкімшілік жазаға тартылады. 

Тек биылдың өзінде полиция қызметкерлері қала сәулетіне нұқсан келтіруге қатысты 800-ге жуық заңбұзушылықты анықтаған.

Осындай түсінік жұмыстары өз нәтижесін береді. Дүкен иелері арнайы техника жалдап, аумақтарын тазартуға кіріседі. 

Владимир Клименко, кәсіпкер:

- Біз қар жауған сайын тез тазартып отырамыз. Өзіміздің аула сыпырушымыз бар. Ол бір жерге қарды үйіп жинайды, сосын техника шақыртып, сыртқа шығарамыз.

Қардан тазарту жұмыстарын 24 шұғыл топ бақылайды. Учаскелік инспекторлардан бастап жергілікті полиция бастығына дейін осы істің басы-қасында. Одан бөлек, жұмыс барысын бейнекамералар арқылы қадағалайды. Бұл да «Таза Қазақтан» экологиялық акциясының бір парасы.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин