Есіл мен Торғай өзенін қосу жобасы қаралып жатыр

Кейінгі жылдары Ертіс өзенінің суын Сырдарияға жеткізу жобасы туралы жиі айтылып жүр. Бұл мәселе Парламент қабырғасында да көтеріліп, Үкіметке депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды 24kz.

Кешенді жобаның бір бөлігі ретінде Есіл мен Торғай су бассейіндерін біріктіретін канал салу ұсынылды. Мамандардың айтуынша, бұл шөлейт аймақтарда су тапшылығын жоюға ықпал етеді.

Мемлекет басшысы су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту еліміз үшін басым бағыт деп айқындап берді. Көп ұзамай су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Осы құжатқа сәйкес, Есіл өзен бойында Бұзылық су қоймасын салу белгіленген. Депутаттар: «Енді ол жерден Торғайдың саласы Сарыөзенге дейін канал немесе туннель тарту жайын қарастырса» деген ұсыныс айтты.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұзылық су қоймасын салу кезінде Есіл және Торғай бассейіндерін біріктіру арқылы Торғай бассейіндегі ауыл шаруашылық алқаптарын суаруға бір млн текше километрден астам суды беруге мүмкіндік болады. Академик Чокиннің бағалау бойынша бұл Орталық Қазақстанда суармалы жерлерді қосымша 1,5 млн гектарға арттыруға, сондай-ақ қорлары бар Торғай қоңыр көмір бассейінін игеруді қамтамасыз етеді.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Қостанай облысында шамамен 300-ге жуық өзен бар. Соның ішінде ең ірісі Тобыл мен Торғай су айдыны. Кейде асып-тасып, қауіп төндіретін, енді бір жылдары тартылып, таусылуға шақ қалатын екі су артериясының өңірдің тіршілігі үшін маңызы зор. Сондықтан Есіл мен Торғай өзендерін канал арқылы қосу керек деген ұсынысты мұндағы жұрт қолдайды.

Су шаруашылығы саласының ардагері Ғайыпназар Қойшының айтуынша, ол жоба іске асса, Торғайда кеберсіген көлдер толығып, шаңы шығып жатқан жерлер көк шалғынға айналады. Алайда ол үшін алдымен жаңа бөгеттер салып, өзен арнасын тазарту керек.

Ғайыпназар Қойшы, су шаруашылығы саласының ардагері:

- Көп жерде қайырлап, арнаны бекітіп тастаған жерлер бар топырақпен, олар аршылмайды. Оған күтім жоқ. Соған байланысты су қаупі әрқашанда болады. Торғайдың арнасының бітеліп қалуына байланысты судың «кривая депрессия» деген болады. Төменгі үйлерді қазір тұз басып кетті.

Әзірге Есіл мен Торғайды жалғайтын канал салуға қатысты нақты шешім жоқ. Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі  қазіргі кезде кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Сергей Добрынин, ҚР СУ Ресурстары және ирригация министрлігінің бас сарапшысы:

- Бұл зерттеулердің мақсаты – қоршаған ортаға әсерді бағалау және су тасқынының теріс салдарын азайту бойынша  ықтимал шараларды анықтау. Сонымен қатар жоба материалдарын министрлік жанындағы ғылыми-техникалық кеңестің қарауына ұсынылады. Ғылыми-техникалық кеңестің ұсыныстарымен қорытындылар негізінде министрлік жобаны әрі қарай іске асырудың орындалуы туралы шешім қабылдайды.

Кешенді жоспарға сәйкес Қостанай облысында 2024-2028 жылдар аралығында 4 су қоймасын, 2 бөгетті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Қалған гидротехникалық құрылымдарда жан-жақты зерттеу жүргізіледі.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг