Мемлекет басшысы: Инфляцияны төмендету керек

2025 жылға дейін елдегі инфляция деңгейі 3-4 процент болуы тиіс. Мемлекет басшысы осыны міндеттеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Өйткені жоғары инфляция талай жылдан бері экономикамыздың басты түйткілі болып келді. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында біз жалақы мен зейнетақыны бірнеше рет көтердік, бірақ әр жолы бағаның бақылаусыз өсуіне тап боламыз. Бұл мәселеге нүкте қойып, бағалар мен халықтың инфляциялық пайымын тұрақтандыратын кез келді» – деді. Осы ретте Үкімет Ұлттық банк, сондай-ақ «Атамекен» палатасымен бірлесіп инфляцияны бақылау жөнінде шаралар кешенін әзірлеуге міндеттелді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 – Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді.

ВАЛЮТА НАРЫҒЫНА ТҰРАҚТЫЛЫҚ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

Бүгін Қазақстан қор биржасының валюта алаңында сауда-саттық басталады. Екінші деңгейлі банктер мен ақша айырбастау орындары да қалыпты жұмысына кіріседі. Азаматтар халықаралық төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыра алады. Бұл туралы Ұлттық банк өкілдері хабарлады. Ал Қазақстан қор биржасында репо операциялары арқылы банк өтімділігін 3 айға дейін қолдау тетігі пайдаланылады. Кеше мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне валюта нарығы тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етпейінше, тұрақты экономикалық нарық болуы мүмкін емес. Тәртіпсіздіктер мен төтенше жағдай аясында ұлттық валютаға алыпсатарлық қысымның елеулі нарықтары пайда болды. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ішкі және сыртқы нарық қатысушылары тарапынан теңгеге деген сенім толық қалпына келгенге дейін валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырамын.

ИНФЛЯЦИЯ ЫРЫҚ БЕРМЕЙ БАРАДЫ

Ал Түркияда былтыр жылдық инфляция 36,08 процентке жеткен. Бір ғана желтоқсан айында оның көлемі 13,5 процентке артты. Бұл 2002 жылдан бері тіркелген рекордтық көрсеткіш. Салдарынан тауарлар мен қызмет құны шарықтап кеткен. Ұлттық валюта – лира құнсызданды. Мұның бір себебі – Орталық банктің пайыздық мөлшерлемені 19-дан 14 процентке дейін төмендетуімен байланысты. Билік бұл шара түрік экспортын ынталандыру үшін қажет  екенін айтады. Президенттің айтуынша, 20 жылда экспорт көлемі 6 есе өскен. Алайда оппозиция "билік Орталық банкке қысым жасап, ресми мәліметті бұрмалап отыр" - деп есептейді. Ал сарапшылардың топшылауынша, биыл көктемде Түркиядағы инфляция 50 процентке дейін жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде мемлекет бұл көрсеткіш бойынша әлемде сегізінші орында тұр. Ал Еуропа елдері ішінде тұтыну тауарлары бағасының өсу жылдамдығы бойынша бірінші орынға шыққан.

– Бұған дейін біз 100 лираға көп зат сатып алушы едік. Қазір осы ақшаға тек екі-ақ тауар аласың. Бағалар күн сайын өсіп, сатып алу мүмкіншілігіміз төмендеп кетті.

– Біз ойын-сауық дегенді ұмыттық. Баяғыдай достарымызбен кездесіп, кофе ішіп әңгімелесе де алмайтын болдық. Саяхаттап ел аралауды да қойдық. Тек күн көру үшін жұмыс істейтін болдық.

ДЖО БАЙДЕН: ҚЫМБАТШЫЛЫҚҚА ЕТ ӨНДІРУШІЛЕР КІНӘЛІ

АҚШ Федералды резервінің төрағасы Джером Пауэлл «жоғары инфляцияның дендеуіне жол бермеуге» уәде берді. Дегенмен ол экономиканы тұрақты қалпына келтіруде тауарлар мен қызметтерге сұраныс пен ұсыныс бақылаусыз қалғанын айтады. Соның салдарынан баға да аспандап кеткен. АҚШ-та ет, балық, жұмыртқа шамамен 13 процентке қымбаттады. Бұл туралы тұтынушылар бағаларының индексі жариялаған. Ал америкалық сарапшылар «елдегі инфляцияға  тауарлар таситын жүк кемелері қозғалысының бәсеңдеуі, жеткізу ісінің кедергіге ұшырауы және нарықтағы еңбек күшінің жетіспеушілігі себеп» - деді. Мемлекет басшысы Джо Байденнің ойынша, қымбатшылыққа ет өндірушілері кінәлі. Елде сиыр еті, доңыз және тауық еті нарығының 54-тен 85 процентке дейінгі бөлігін 4 ірі кәсіпорын иеленіп отыр.

Чарльз Баллард, Мичиган университетінің экономика профессоры:

– Биыл инфляция деңгейі төмендейді деп есептеймін. Бірақ бұлай болмаса, онда Федералды қор жүйесі несие беруді шектеуі мүмкін, әйтпесе, тарих көрсеткендей мұның соңы дағдарысқа ұрындырмақ. Біз әзірге коронавируспен, оның ішінде, омикрон штамымен байланысты жағдай толық бақылауға алған жоқпыз. Бұл экономикаға үлкен зардабын тигізеді.

20 МЛН ТЕҢГЕГЕ КЕПІЛДІК БЕРЕДІ

Біздің елде депозиттегі теңгенің үлесін арттыру керек. Мемлекет басшысы осындай пәрмен берді. Әзірге доллар мен теңге теңдей келеді. Былтыр жеке тұлғалар рәсімдеген депозит қоры 13 трлн теңгеге жеткен. Бір жылдағы өсім 18 процент. Экономист Сапарбай Жобаев «халыққа таңдау берген де дұрыс» - дейді. Себебі, ақшаны бір ғана валютамен сақтау тиімсіз.

Айтпақшы, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры енді 20 млн теңгеге дейінгі жинаққа кепілдік бере алады. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды. Өтем сомасы жинақтау негізінде қалыптасатын арнайы резерв қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Яғни жаңашылдық салымшылардың да, мемлекеттік бюджеттің де шығынға ұшырауына негіз болмайды. Жинақталған арнайы резервте қазір 847 млрд теңге бар. Сапарбай Жобаев «депозитті сақтау қорының максималды соманы 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге арттыруы халықтың ақшаны сақтап, жинауға деген ынтасын еселейді», – дейді.

КЕДЕНДЕ КЕМШІЛІК КӨП

Мемлекет басшысы шекарадағы өткізу бекеттеріне тексеріс жүргізуді тапсырды. Оның айтуынша, Қытаймен шектесетін жерде шикілік көп. Көрші елдің кеден органдарымен біздің статистика мүлде қабыспайды. Қасым-Жомарт Тоқаев айырмашылық бірнеше миллиард доллар екенін айтты. Демек, Қазақстан миллиардтаған көлемдегі салықтан айырылып отыр. «Бұлай болмайды» – деді Президент. Осы ретте ол Бас прокуратураға Қаржы министрлігі, Қаржы мониторингі агенттігіне шекарада тексеріс жүргізуді міндеттеді.

Осы тақырып бойынша өзге тақырыптар:

Мемлекет басшысы мәлімдемесінің толық мәтіні

Үкіметтің жаңартылған құрамы бекітілді: толық тізім

Әлихан Смайылов премьер-министр лауазымына тағайындалды.

Бұған дейін үкімет отставкаға кеткен болатын. Сонымен қатар Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды.

Ел неге толқыды

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңге болды

Ақтөбеде газ бағасы 50 теңгеге түсті

Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Қазақстан бойынша төтенше жағдай жарияланды

Жалпы бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдай неше рет жарияланды.

Төтенше жағдай кезінде нені білу керек.

Маңғыстау облысының әкімі наразылық білдірген жаңаөзендіктермен кездесті

10 қаңтар – Жалпыұлттық аза тұту күні

Кәрім Мәсімов тұтқындалды

ІІМ: «Дикий Арман» ұсталды