Сарапшылар: Теңге рубльмен қатар құнсызданбайды

Теңгемен сақталған депозиттерді долларға ауыстыруға асықпаңыз. Өйткені мемлекет пен банктен қосылатын жылдық проценттік мөлшерлемеден ұтуға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экономистер осылай дейді. Енді теңге рубльмен қатар құнсызданбайды. Өйткені Ұлттық банк валюта айырбастау тәртібін өзгертіп, франкфурттық аукционға көшті.  Оған сай биржадағы соңғы жасалған келісім мен бастапқы келісімнің арасында қатты айырма болмау керек. «Ұлттық банк теңгенің долларға қатысты бағамы қатты өсіп кетпеу үшін осындай қадамға барды», – дейді экономист Мақсат Халық. Кеше Франкфурттық аукцион нәтижесінде бір доллар 510 теңге болды. Ал ақша айырбастау пункттерінде шетелдік валютаны 517 теңгеден сатты.

Мақсат Халық, экономист:

– Көп азаматтар құнсыздану болады, 600-ді көреміз енді жоқ дегенде деп ойлады. Бірақ олай болмай шықты. Неге? Өйткені Ұлттық банк теңгеміздің өз даму бағытын таңдады. Рубльге қатысты ұстап отыру емес, қайта рубльге қатысты күшейтуге көшті. Сондықтан біздің теңгеміз қатты құнсызданып жатқан жоқ. Бұл бір фактор әсер етіп тұрған. Бұдан бөлек франкфурттық режим арқылы өткенде де осы режимді қолданды. Ол қатты құнсызданып кетуге жол бермейді.

Сондай-ақ экономистер теңгемен жиналған депозиттерді долларға ауыстыруға асықпауға шақырады.  

Мақсат Халық, экономист:

– Теңгемен депозит сақтап тұрған болсаңыз, онда оны долларға асығып ауыстырудың қажеті жоқ. Себебі жыл соңына дейін егер теңгемен сақтайтын болсаңыз, онда  Ұлттық банк пен мемлекеттің тағы да 10 %-дық сыйақысы бар үстінен беретін. Сонда банктен 15 % алсаңыз, тағы үстінен 10% аласыз. Сонда 25%-ға өсіресіз өз жинақтарыңызды.

ҰЛТТЫҚ БАНК ТЕҢГЕНІ ТЕРІС ЫҚПАЛДАН САҚТАП ТҰР

Өткен тәулікте отандық биржадағы сауда-саттық көлемі 210 млн доллар болды. Соның ішінде Ұлттық банк 199 млн долларға жуық валюталық интервенция жасады. Қаржы реттеушінің сауда-саттыққа қатысу үлесі 94,4%. Тенгеномика сарапшыларының пайымдауынша, осы арқылы Ұлттық банк теңгеге келетін  сыртқы теріс ықпалды толығымен тегістеді. 

ЕЛДЕГІ РЕСЕЙЛІК БАНКТЕРДІҢ РЕЙТИНГІ ТӨМЕНДЕДІ

Сбербанк Қазақстан, Альфа-Банк Қазақстан және Home Credit рейтингтері төмендеді. Fitch Ratings ресейлік банктердің қазақстандағы өкілеттіктерінің рейтингін «B+» деңгейіне дейін төмендетіп, «теріс» болжам берді. «Бұл ресейлік бас банктердің акционерлік қолдау көрсету қабілетінің түсіп кеткенін, сондай-ақ еншілес банктердің бизнес-профильдері мен қаржылық көрсеткіштерінде проблемалар туындауы мүмкін екенін көрсетеді», – делінген агенттіктің хабарламасында.

РЕСЕЙДЕ ВАЛЮТАНЫҢ ҚАРА НАРЫҒЫ ПАЙДА БОЛДЫ

Ресейде валюта саудасы бойынша қара нарық пайда болды. Kazecon  телеграммканалы осылай деп жазды. Бұған елдегі ақша саясатындағы бірқатар өзгерістер себеп болған сыңайлы. Ресейдің Орталық банкі есепшоттан алатын ақшаны 10 мың долларға дейін шектеді, қалғаны рубльмен беріледі. Бұдан бөлек, Орталық банк шетелдік валюта сатып алатын жеке тұлғалар үшін 30%-тік қосымша салық енгізді. АҚШ пен Ұлыбритания Ресей мұнайын сатып алудан бас тартты.  Рубль доллар мен теңгеге қатысты құлдырап жатыр. Валютаға сұраныс рубльді сауда-саттықта валюта ретінде қабылдайтын елдердің есебінен қанағаттандырылады. Ал қазақстанның Ұлттық банкі валютаны Франкфурт аукционы бойынша, яғни өтінімдер бойынша ғана сатуда.

ЕЛДЕ ҰШАҚ БИЛЕТТЕРІ ҚЫМБАТТАДЫ

Жылдық динамика бойынша есептегенде ақпанда әуе тасымалы 18 процентке жуық өкен. Бұл туралы Finprom.kz жазды. Шығыс Қазақстан облысында бағалар бір жылда бірден 45,7% өсті. Одан кейінгі қымбат баға Маңғыстау және Түркістан облыстарында тіркелді. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында бағалар өзгерген жоқ. Ал Павлодар және Жамбыл облыстарында керісінше төмендеді.

ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ТАБЫСЫ АРТТЫ

Биыл қаңтарда әуе компаниялардың кірісі 20 млрд теңгеден асты. Олардың жылдық табысы 6%-ке артқан. Оның басым бөлігі, атап айтқанда 20,4 млрд теңге жолаушылар тасымалынан түскен. Жүк тасымалдаудан 534 млн теңге болса, әуе көлігін жалға беруден 215 млн теңге табыс түскен. Сараптамаға сай Қазақстанның әуе компаниялары қаңтарда 500 мыңнан астам жолаушы тасымалдаған.

МАЙНЕРЛЕРДІҢ ТАБЫСЫ 14%-КЕ АЗАЙДЫ

Ақпанда майнерлердің табысы төмендеді. Бұл Bitcoin үшін қиын кезең болды. BeInCrypto Research мәліметтері бойынша өткен айда майнерлер шамамен 1 миллиард доллар табыс тапты. Bitcoin және Ethereum – цифрлық  валютала индустриясының  екі негізгі криптовалютасы. Ақпан айында осы екі криптовалюта өндіруден түсетін табыс күрт төмендеді.  Жалпы кіріс осы жылдың қаңтарымен салыстырғанда 14%-ке аз.