Әлемдегі қымбатшылық елімізге әсер етті

Елдегі инфляция деңгейін айттық. Әсіресе биыл қымбатшылық халықтың қалтасына батты. Ақпанда елдегі тауарлар мен қызметтер 8,6 процентке қымбаттады. Ал азық-түлік тауарларынан ет, өсімдік майы мен қанттың құны шарықтап кетті. Бағаның өсуі дағдарыс факторларының бірі болып есептеледі. 

Сонымен қатар мұндай жағдай бүкіл әлемде байқалады. Әлемдегі инфляциялық қысым шикізат, энергия және көлік тасымалы бағасының өсуіне байланысты күшейе түсуде. Логистикалық қиындықтар жағдайды нашарлатады. Еуроодақ елдеріндегі инфляция жылдың басында 5,5%-тен асты, АҚШ-та 7,9%-ке жетті. Әлемдегі қымбатшылық Қазақстанға да теріс әсер етеді. Әсіресе сыртқы қысым ерекше байқалады. 

Мәселен, елдің негізгі серіктесі Ресейде инфляция бес жылда алғаш рет 9,7%-тен асты. Қазақстандағы инфляцияға жалпы әлемдік факторлардан басқа тұтынушылық белсенділікті қалпына келтіру, экономиканы фискалдық ынталандыру саясаты және жекелеген тауар нарықтарындағы теңсіздік әсер етеді.

Елордадағы негізгі инвестициялық жобалар - көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы. Бүгінде сырттан келген қаражаттың 53%-ті жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға тиесілі. Бірақ пандемияға байланысты қаржыландыру бағыттары да біршама өзгерген. Қазір денсаулық сақтау, білім беру сияқты салаларға инвестиция тартуға назар аударылып отыр. Бұл қала тұрғындарының саны өсуімен байланысты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы хабарлады. Мамандардың айтуынша, инвесторлардың өнеркәсіпке және жаһандық өткізу тізбектеріне деген сенімі әлсіз. Басқа салалардағы инвестициялар пандемияға дейінгі көрсеткіштен 30%-ке төмен. Ал диджитал және ақпараттық секторлар қалпына келді. 

Ержан Балтаев, қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы:

- 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1 триллион 200 миллиардты құрады. Бұл енді ең үлкен көрсеткіш. Нұр-Сұлтан қаласы астана болғаннан бастап. Құрылыс саласына өте үлкен инвестиция құйылды. Ол 50 проценттен жоғары. Екінші бағыт ол көлік және инфрақұрылым, қойма саласындағы инвестиция. Тікелей инвестиция көлемі былтырғы жылды қосып санағанда 5,5 миллиард долларды құрайды.