Көлеңкелі экономикамен күресу тетіктері
Елдегі көлеңкелі экономиканың деңгейі 19 пайызға жуықтайды.
2025-ші жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 14 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар қаржы секторында жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өз сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, реформалардың басты мақсаты – отандық экономиканың даму қарқынын арттыру.
Қазір қоғамда ең көп талқыланып жатқан мәселе – мобильді төлемдер. Оны қалай жүргізу қажет? Мәселен қолма-қол ақша мен мобильді аударым кезінде, бір тауарға 2 түрлі баға ұсынатын кәсіпкерлердің ісі «заңсыздық» болып саналады. Себебі мұндай жағдайда тұтынушының құқығы бұзылады. Яғни әрбір тұтынушы өзіне ыңғайлы тәсілмен төлем жасауы тиіс.
Ерұлан Жамаубаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі:
- Қолма-қолсыз ақша кезінде банктік карталармен немесе кьюар-кодтар қолданылады. Сондықтан кәсіпкерлер егер тек қана қолма-қол ақша талап етсе, тұтынушылардың құқығы бұзылады. Сондықтан мұндай талаптар заңсыз деп есептелінеді. Тауардың бағасы қолма-қолсыз да, қолма-қол ақшамен де бір баға болу керек. Мұндай жағдай орын алса бізде арнай колл-орталығы бар 1414 номеріне хабарласуға болады. Немесе жергілікті кірістер комитетіне шағымданса біз ондай фактілерді тексеріп, тиісті шара қабылдайтын боламыз.
Декларация тапсырушылар дүние мүлкін түгел көрсетуі керек. Әсіресе шетелдік банктерде сақталған қаржы мен жылжымайтын мүліктері жария етілуі тиіс. Мақсат – көлеңкелі экономиканың үлесін азайту. Азаматтардың кірістерін бақылаудың тиімді тетіктерін құрып, әділ салық салуды қамтамасыз ету. Егер бәрі ойдағыдай жүзеге асса, елдегі әлеуметтік ахуал жақсарып, сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендейді. Ал қазынаның бүйірі толады.
Ерұлан Жамаубаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі:
- Бізде шағын және орта бизнеспен айналысуға толық мүмкіндік бар. Бұл салық режимінің бірнеше түрі бар. Оған салықтық жүктеме 1 процент пен 4 процент аралығында. Яғни өте төмен деңгейде. Сондықтан біз, керісінше, көлеңкеде қалып отырған кәсіпкерлік ісінде мобильді аударымдарды қолданып отырған азаматтарды осы заң аясында жұмыс істеуге шақырып отырмыз.
Негізі жалпыға бірдей декларациялау 2021-ші жылдың қаңтарынан басталды. Бұл жүйе енгізілгеннен бері оны мемлекеттік қызметшілер, екінші кезеңде квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері тапсырды. Ал биылдан бастап ірі кәсіп иелері, жеке кәсіпкерлер, құрылтайшылар және олардың жұбайлары кірістері бойынша деректерін тапсыруға міндеттеліп отыр. Жалпы былтыр, елде тіркелген 400-ден астам блогер 200 миллион теңгеден аса салық төлеген.
Ерұлан Жамаубаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі:
- Егерде олардың қызметі кәсіпкерлікпен байланысты болса, әрине, олар салық төлеуі тиіс. Оған арнайы салық режимдері бар: 1 проценттен 4 процентке дейінгі жүктеме. Егер олардың жұмысы тікелей кәсіпкерлікке байланысты болмаса, онда оларға ешқандай сұрақ туындамайды және салық төленбейді.
Жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына немесе жеке шоттарына ешқандай шектеу болмайды. Сұхбат барысында Ерұлан Жамаубаев осы мәселеге де тоқталды. Тіпті туысыңыз жолға шықса немесе еміне қаражат жинау қажет болса, онда емін-еркін төлем аударымдарын жасай беруге болады.
Ерұлан Жамаубаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі:
- Науқас, сырқаттанған адамдарға қаражат жиналып жатады немесе жарысқа баратын кезде жолға қаражат жиналып жатады. Ондай қаражаттар кәсіпкерлікке жатпайды. Сондықтан біз ондай аударымдарды тексермейміз және одан салық өтелініп алынбайды. Егер критерий бойынша салық органдарының назарына ілінетін болса, әрине біз тиісті ақпарат сұратамыз. Салық органдары көз жеткізген соң бұл фактлер бойынша сұрақтар туындамайды.
Статистикаға сүйенсек, осыдан 3-4 жыл бұрын елдегі көлеңкелі экономиканың деңгейі 27 пайыз болған. Қазір ол 18,8 пайызды құрайды. Енді 2025-ші жылдың соңына дейін көрсеткішті 14 процентке төмендету көзделіп отыр.
Авторы: Альмира Оразбай