Электрондық сауда қызып келеді
Бөлшек сауданың базары тарқап барады.
Есесіне интернет дүкендердің күні туып тұр. Былтыр қалың қараша 2 трлн теңгеден астам қаржыға онлайн сауда жасады.
Электрондық саудада шекара жоқ. Ел Үкіметі осы үрдісті кәдеге жаратып, «Отандық тауарларды шетелге шығарсақ» дейді. Алайда сауда-саттықтағы кез келген өзгеріс нарыққа әсер етпей қоймас.
Экономистер бұл үрдісті екі нәрсемен байланыстырады. Алғашқысы онлайн сауда оңай әрі тиімді. Тіпті кейде бағасы да арзан шығатын көрінеді. Ал екінші жағынан кей тұрғынның жалақасы қажеттілігін толық өтеуге жетпейді. Содан кейін амалсыз тауарды бөліп төлеу үшін интернет дүкендерінің көмегіне жүгінеді.
Кейінгі кезде түрлі болжам айтылып жүр, соның бірі - алдағы уақытта біртіндеп саудасы базарда емес желіде қызатын елге айналамыз. Бұл кәсіпкерлерге ғана емес қарапайым тұрғындарға да пайда әкелуі мүмкін.
Бизнес пен интернет егіз ұғымға айнала бастады. Себебі, тұтынушыларға базар аралағаннан гөрі үйден тапсырыс берген әлдеқайда тиімді. Былтыр елдегі электрондық сауда көлемі 2 трлн теңгеден асып, барлық бөлшек сауданың 13%-ін жапты. Тұрғындар негізінен тұрмыстық заттар, киім-кешек, азық-түлік, косметика және дәрі-дәрмек сатып алады. Жол ақысын да онлайн төлеу көбейді. Мәселен, 2022 жылы электрондық сауда қызметтерінің көлемі - 1,2 трлн теңгеге жетті. Оның 50 пайызы жолаушылар тасымалына, шамамен 10 пайызы билет құны, 5 пайызы тағам жеткізуге тиесілі.
Электрондық сауда көлемі – ₸2,2 трлн
Барлық бөлшек саудадағы үлесі – 13,2%
Негізгі тауарлар:
Тұрмыстық тауарлар
Киім-кешек
Азық-түлік
Косметика
Дәрі-дәрмек
Электрондық сауда қызметтерінің көлемі – ₸1,2 трлн
Жолаушылар тасымалы – 50,3%
Өзге қызметтер – 31,6%
Әуе, теміржол билеттері – 9,6%
Тағам жеткізу – 5,1%
Жарнама – 1,8%
Қонақ үйлерді брондау – 1,6%
Иә, базар босап қалды деуге болмас, бірақ келешекте онлайн сауданың аясы кеңейе береді. Азон, Вайлдберс, Амазон сынды платформаларда сұраныс жоғары. Тіпті отандық тауар өндірушілер де саудасын сол жерде жүргізеді. Елордалықтарды сөзге тартып көрген едік. Көпшілік мұның ыңғайлы әрі тиімді екенін айтты.
Блиц:
- Иә, тиімді. Өйткені үйде отырып бере бересің.Өздері доставка мен алып келеді және жеңілдіктер болады. Көбінесе қолданамыз үйде отырып, сол жағынан жақсы ғой.
- Онлайн заказ бермеймін, үйткені алдап кету жағынан қорқам көбіне. Одан да өзім барып, киім алғанда да қарап киіп көрген дұрыс деп есептеймін.
- Онлайн дүкеннен мен продукты заказ берем, бытовая химия, киім. Үйде отырып өзімде онлайн жүргізем бизнесті. Жалпы онлайн ыңғайлы.
- Онлайн әрине тиімді. Барып келіп жүргеннен. Мысалы магнумнан заказ береміз, каспидан заказ береміз. Міне кеше ғана газ плита заказ бердік. Бізге өте ыңғайлы.
- Уақыт жайында тиімді.Өйткені тез, ешқайда бармайсың, бағасы да соңдай, бірдей барлық жерде.
Байқағандарыңыздай сұраныс жоғары. Экономист Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, мұны халықтың табысымен де байланыстыруға болады. Қараша тауардың құнын толық төлеуге қиналады. Ал әлгі интернет дүкендері бөліп төлеуге барлық жағдайды жасаған. Сарапшы электрондық сауданы әрі қарай дамытуды қолдап отыр. Мұның да бірнеше себебі бар. Біріншіден, онлайн дүкендер бағаны арзандатуға ықпал жасауы мүмкін. Интернетпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер ғимарат ақысын төлемейді. Түрлі платформаларда тұтынушылар өндірушімен тікелей саудаласады. Тиісінше, ортада делдал болмайды. Осының бәрі тауар құнына тікелей әсер етеді.
Жанат Нұрғалиев, экономист:
- Электронды сауданы дамыту арқылы біз шағын және орта бизнесті қолдаймыз. Екіншіден, мемлекет тарапынан қолдауға жұмыс жасаса салық көбейіпе, жаңа жұмыс орны ашылады. Менің ойымша оны дамыту керек. Отандық өндірушілерге жаңа мүмкіндік пайда болады. Тауарларды басқа өңірге жіберуге болады.
2030 жылға қарай электрондық сауда барлық бөлшек сауда көлемінің 20 пайызын жабу керек. Үкімет бұл межеге жету үшін кәсіпкерлерді тегін оқытуды жоспарлап отыр. Осылайша, отандық тауарларды шетелге шығару да көзделген. Тауарларды жеткізу ісіне Қазпошта араласады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Бірінші. Отандық онлайн-дүкендерді дамыту бойынша тиімді шешімдер бір ай мерзімде әзірленуі тиіс. Сондай-ақ, отандық тауар өндірушілердің шетелдік интернет-алаңдарға шығуына белсенді түрде жәрдемдесу маңызды. Екінші. Бізге өзіміздің бондтық қоймаларымыз қажет. Олар тауарларды еліміздегі сатып алушыларға, сол сияқты шетелдіктерге жеткізу процесін оңайлатуға мүмкіндік берер еді.
Сарапшылар мен жауаптылардың пайымын түйіндей келе, электрондық саудадан нарық жапа шекпейтінін түйдік. Керісінше, бұған жаңа мүмкіндік ретінде қарауға болады.