Киім-кешек импорты артты
170 мың тонна киім-кешек. Былтыр 11 айда Қазақстанға осынша жеңіл өнеркәсіп өнімі сырттан әкелінді.
Ақшаға шаққандағы импорт көлемі 2 млрд 350 млн доллар шамасында. 2022-жылмен салыстырғандағы өсім 55% -ды құраған. Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бұл соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Негізгі импорттаушы, әрине, іргедегі Қытай елі. Яғни, тұтастай алғанда киім-кешектің 60 пайызы, 104 мың тоннадан астамы Аспан асты мемлекетінен тасымалданады.
Италиялық шикізат импорты
Дайын киім-кешектен бөлек, отандық жеңіл өнеркәсіп саласына қажетті шикізаттың та сырттан әкелінетіні белгілі. Қытай, Ресей, Беларусьпен қатар шикізат импортында Италияның да салмақты үлесі бар. Мәселен, тоқымаға керек жүн-жұрқа, жіп пен матаны бізге тасымалдау жөнінен Еуропа елі төртінші орында. Сол сияқты, тері-былғары өнімдерінің импорты бойынша да Италия Ресей, Қытай және Беларусьтен кейінгі орында тұр. Cауда статистикасы және халықаралық бизнесті дамыту ұйымы, Trade map-тың дерегі осындай.
Ұйым платформасында 2018-2022 жылдар аралығындағы мәліметтер сарапталған. 2023 жылдың қорытындысы әлі жарияланбады. Дегенмен, италиялық тері-былғары өнімдерінің импортына зер салсақ, жыл санап артқаны аңғарылады. 2020 жылы 6,5 мың АҚШ доллары болса, 2022-де 10 мың АҚШ долларынан асқан.
Табиғи және жасанды аң терісін Қазақстанға импорттау жөнінен де Италия Қытайдан кейінгі екінші орында. Алайда соңғы 5 жылдық статистикаға үңілсек – оның айтарлықтай кемігені байқалады.
Біздің елде жібекке сұраныс баршылық. Матаны импорттаудан Тәжікстаннан кейін еуропалық мемлекет екінші орынға жайғасқан. Trade map платформасындағы мәліметке сүйенсек, ақшалай шаққандағы құны соншалық жоғары болмаса да, әр жылдары жібекті Италиядан түрлі мөлшерде алдырған екенбіз.
Ия, Италия дегенде, біреулерге жоғары фэшн, сән саласы ойға келсе, енді біреулерге туристерге тартымды Рим, Венеция, Сицилия ойға оралары сөзсіз. Сондықтан, әлем жұрты көруге ұмтылатын Италияны қазақстандықтар да аралағысы келеді. Қазақстан да Еуропа елінің тұрғындарына таңсық мекен.
Екі ел туристерінің ағыны
Қазақ туризм ұсынған мына деректерге сүйенсек, 2019 жылы біздің елге Италиядан 12,5 мыңдай адам келген. Пандемия кезінде, әрине, көрсеткіш күрт төмендеді. Тек 2022 жылдан бері бірте-бірте турист саны артқан. Былтыр 9 айдың қорытындысы бойынша 8,5 мыңға жуық италиялықтың бізге елге жолы түскен екен. Ал енді, Қазақстаннан Оңтүстік Еуропа еліне аттанғандардың саны 2019 жылдан бері қарай едәуір өсті. 2022 жылы 10 мың, 2023 жылы 12 мыңдай адам Италияға сапарлапты.
Мына кестеден байқасақ 2019 жылы Италиядан 12 мыңнан астам турист келсе, ол жаққа 200 қазақстандық қана барыпты. Ал 2023 жылы ол жақтан келгендер саны кеміп, керісінше Қазақстаннан барғандардың артқан. Бұл неге байланысты екен?
Ия, дұрыс айтасыз. Әу баста қазақстандықтар Шенген визасын оңайлықпен ала алмаған сыңайлы. Табысының көп бөлігі туризмнен түсетін Италия экономикасы пандемия кезінде қатты зардап шекті. Енді соның орнын толтыру үшін қазір елге баратындар үшін виза алу жеңілдеді. Ал, Италия азаматтары біздің елде 30 күн визасыз жүре алады. Сол себептен, көрсеткіш осындай.
Bed Tax Қазақстанда іске қосыла ма?
Айта кетейік, Римде тоқтайтындар 3 еуродан 7 еуроға дейін бед такс, яғни жатын орын салығын төлейді. Миланда бір түнеген үшін оның құны 2-5 еуро болса, Флоренцияда 5 еуроға дейін жетеді. Осылайша, ел экономикасына туризмнен молынан пайда түседі. Қазақстанда да дәл осындай бастама кезінде көтерілген, тіпті туризмді дамытудың тұжырымдамасына енгізілген. Бірақ, бұдан нәтиже шықпады. Ақыры, үкімет бұдан бас тартты. Бед таксты алып тастау арқылы шетелдіктер үшін турды арзандатуға болады, дейді отандық туроператор Алмас Маратұлы. Дегенмен, мұндай салық ел қазынасына пайда түсірер еді. Ол тіпті салықтың өзге түрін де ұсынып отыр.
Алмас Маратұлы, отандық туроператор:
- Сыртқа шығатын туристер бар ғой, қазақстандықтар шетелге шықса олардан бір процент, екі процент салық алу қажетпіз деген ұсыныс айтқан болатынмын. Ол не үшін жұмсалады? Мысалға, мен шетелге шығам, мың доллар құртам. Оның бір долларын Қазақстанның салық жүйесіне қалдырсам, бізде Қазақстанда 250 мың ба, 350 мың ба қазақстандық шетелге барады. Енді осы шетелге барған адамның әрқайсысы 1 доллардан қалдырса – ол өте көп ақша. Ал ол қаржыны біз шетелден турист тартуға маркетингке жұмсауға болар еді.
Сарапшылардың айтуынша, қонақ күту саласының басы-қасындағы бизнес дайын болғанда, бед такс қайта енгізілуі мүмкін. Тек бұны бұны тағы бірнеше жыл күте тұру керек.