Қазақстанда жыл сайын 2 млн-ға жуық аяқ киім өндіріледі
Алайда, бұл нарықтағы сұраныстың бес пайызын ғана қанағаттандыратын көрсеткіш.
Оның үстіне, отандық өнімнің бағасы импортталатын аяқ киімнен асып түседі.
Никита Дорош, кәсіпкер:
- Мынау италиялық табан, мына ортадағысы – ол да былғары. Чепрак деп аталады. Оның қалыңдығы 4 милиметр. Бұл қазақстандық былғары. Оның үстіндегі рант деген материалды Түркиядан алдырдық. Бізде мұндайды өндірмейді. Ал мынау қазақстандық былғары. Ол өзіміздегі малдың терісінен өңделіп жасалған шикізат. Ал аяқ киімнің бауы мен фурнитурасы Түркияныкі.
Бұл қарағандылық аяқ киім цехы. Шағын болғанмен, өндірісте тек сапалы шикізат қолданылады. Кәсіпкер Никита Дорош отандық былғарыны алдыратынын айтады. Дегенмен, сапалы өнім шығару үшін керек-жарақты сырттан алдыруға мәжбүр. Оның үстіне қажеттінің бәрі бірдей елде өндірілмейді. Кәсіпкер мейлінше отандық былғарыны қолдануға тырысады. Бағасы да ақылға қонымды. Алайда аяқ киімнің үлгісін түрлендіріп, өзгеше стильдегі өнім ұсыну үшін шетелдік былғарыны алуға мәжбүр.
Никита Дорош, кәсіпкер:
- Бізде арзан былғары да, өте қымбат былғары да бар. Мысалы, мына тері де Италиядан әкелінді. Дециметрі 650 теңге тұрады. Табиғи жолмен иленген тері ғой. Ал мына жерде арзан былғары бар. Бұны біз Қазақстанда сатып алдық. Үлкен партиямен шыққан былғары болатын. Сол кезде оның әр дециметрі 90 теңгеге түскен еді.
Сол сияқты, кәсіпкер суық өткізбейтін, тайғанамайтын әрі жүргенге ыңғайлы болар табанның түр-түрін шеттен әкелетінін айтады. Ал мұндай өнімнің бағасы сәйкесінше арзанға түспейді. Сондықтан, Қазақстанда тігілетін аяқ киімнің өзіндік құны импортталатын өнімнен қымбатырақ.
Мәселен, Никита Дороштың өндірісінен шыққан бір жұп аяқ киімнің құны мынадай шығындардан құралады: цех пен дүкенде жұмыс істейтін 12 жұмысшының жалақысы 30 пайызын құрайды. Шикізат - 20 пайыз. Дүкен, қойма, цехты жалдау бағасы – 8 процент, жеңілдетілген салық - 3 пайыз. Бұдан бөлек, сәнді аяқ киімді бірден сатып алуға шамасы жоқ тұтынушылар банктің бөліп-төлеу қызметіне жүгінеді. Сол үшін банк табыстың 8,5 пайызын өзіне алады. Қалғаны кәсіпкердің таза табысы.
Қазақстанда шикізатпен қамти алатын ірі тері өңдеу зауыттары бар. Бірақ онда өңделетін былғары көбіне қорғаныс, құқық қорғау органдары мен теміржолшыларға арналған аяқ киім өндірісіне жөнелтіледі.
Айжан Әділова, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жеңіл өнеркәсіп басқармасының басшысы:
- Шикізат, фурнитира, түймелері барлығы шетелден әкелінеді. Қазіргі таңда тері өндірісі бар, ондай кәсіпорындар бар, бірақ біздің кәсәпорындар енді квази секторына мемлекеттік тапсырыс ыңғайлы шығаруға байланысты, ал нарыққа шығарылатын аяқ киімдердің көлемі көбінесе шетелден әкеледі.
Елімізде Никита Дороштыкіндей аяқ киім тігумен айналысатын ұзын саны 70 шағын және орта кәсіп бар. Бірақ олардың күшімен ішкі нарықты толық отандық өніммен қамту мүмкін емес. Өйткені, ішкі нарықтағы бір жылдық сұранысты өтеу үшін 70 млн жұп аяқ киім қажет. Ал Қазақстанда екі млн-ға жетер жетпес өнім шығарылады.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Дәуренбек Бақдәулет, Сайран Ақынбаев