Мал терісін кәдеге жарату
Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібінің деңгейін көтеру жөнінде тапсырма берді. Бұл орайда, Үкімет нақты шараларды қолға алды.
Оның ішінде жеңіл өнеркәсіпке де ерекше назар аударылып отыр. Саладағы өсім 12 пайызды құрады.
Дегенмен, жеңіл өнеркәсіптің бір саласы – тері илеу кәсібінде қордаланған мәселе баршылық. Мал басы өскен сайын теріні де пайдаға асыру мәселесі қатар көтеріліп келеді. «Бұл нарық» айдарының тізгіншісі Нұрқанат Қанапия мәселені жақсы біледі деген ойдамыз. Қайырлы таң, Нұрқанат. Саланы өркендету үшін не істеу керек?
Қазақстанда 9 млн ірі қара мен 24 млн-ға жуық қой-ешкі бар. Ата-бабамыз мінсең – көлік, кисең – киім деп әспеттеген жылқы саны 4 млн-ға жетті. 20 млн халықты асырауға молынан жететін береке. Алайда, осы қолда бар қазынаны ұқсата алмай отырғанымыз да рас. Қазір әр қыстаудың маңындағы сайда жүн шашылып жатыр. Ал теріні кіреберісте жататын тулақ деп қана білеміз.
Теріні илеп, шекесі шылқып отырған ел баршылық. Алысқа ұзамай-ақ, іргедегі Моңғолияны алайық. Қазақстанның былғары шикізаты мен жүн-тері өңдеушілер қауымдастығының ақпаратына сенсек, халық саны 3 жарым млн болатын Моңғолияда 34 зауыт бар. Яғни, 100 мың адамға 1 зауыттан келеді. Ал бізде небәрі 8 ірі зауыт жұмыс істеп тұр.
Жалпы, тері өңдеу саласы, яғни, былғары өндірісі жеңіл өнеркәсіпке жатады. Былтыр 200 млрд теңгенің өнімін өндірді. Ал былғары өндірісінің жеңіл өнеркәсіптегі үлесі 9 пайызды құрады.
Жеңіл өнеркәсіптегі салалар үлесі:
Тоқыма өнеркәсібі – 52%
Киім өндірісі – 39%
Былғары өндірісі – 9%
Мамандар мәселеге жан-жақты қарау керек дейді. Біріншіден, біздегі барлық зауыттың жабдығы әбден ескірген. Тозу деңгейі 80 пайызға жеткен кәсіпорындар бар. Тіпті, сырттан келген қонақты алып баратын зауыттың техникасы 17 жыл бұрын жаңарыпты. Ал технологиялық желіні жаңғыртуға қыруар қаржы қажет.
Мал терісін кәдеге жарату
Бақытжан Момбеков, «АТАМЕКЕН» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің І санаттағы сарапшысы:
- Кәсіпорындар өздерінің саймандарын, құрал-жабдықтарын жаңарту үшін қаражат алайын десе, барлығы несиеленген, кепілдері жоқ. Соған бір жақсы үкімет тарапынан бағдарлама жасаса, ең бір қолдау болады деп санаймыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да қазір «жол картасы» дайындалып жатыр екен. Қазіргі таңда ол карта талқылануда, бекітілмеген әлі.
Маманның айтуынша, елімізде жыл сайын 3 млн 400 мың мал терісі сыпырылады. Алайда, оның 2 млн 700 мыңы қоқысқа тасталады. 175 мыңы экспортқа жөнелтілсе, тек 516 мыңы отандық зауыттардың кәдесіне жарайды.
Зауыттар көбіне шикізат сапасына шағым білдіреді. Себебі, оқыра тескен немесе сойған кезде тілінген терілерді өңдеу мүмкін емес. Жаңадан әзірленіп жатқан жол картасында ветеринариялық қадағалауды күшейту көзделген. Және шикізат дайындау нүктелерін жолға қою қарастырылған. Сарапшылар саланың тамырына қан жүгірту үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет дейді.
Теріні кәдеге жарату көрсеткіші:
Барлығы – 3,4 млн
Утиль – 2,7 млн
Экспорт – 175 мың
Отандық өндіріс – 516 мың
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Мемлекет тарапынан коммуналдық шығындарға байланысты, жер беру мәселесі басқа да бір сондай әкімшілік тарапынан жеңілдіктер берілетін болса, және де бір арнайы сол кәсіппен айналысамын деген кәсіпорындардың басшыларына мемлекет тарапынан жеңілдетілген, арзан несиелер берілуі де мүмкін, немесе гранттық шараларды сол салаға қарай молырақ шоғырландыратын болса, бұл сала өзін өзі алып кететін, ақтайтын сала. Ол соңында өзіндік құнға тікелей әсер ететін дүние. 35-40 пайызы соған кеткен шығындарды ақтау үшін сол баға қояды.
Бізде өндірістік тізбек жоқ. Мәселен, шикізат көзі – былғары цехы – зауыт-фабрика қатар жұмыс істеуге тиіс. Бұлардың бәрі ет комбинаттарының маңында шоғырланғаны қажет. Логистикалық тұрғыдан да ұтымды болмақ. Қазақстанның былғары шикізаты мен жүн-тері өңдеушілер қауымдастығы осы желіні қалпына келтіруге күш салып келеді. Алайда, әзірге отандық нарықтағы әлеует толық игерілмей отыр.
46 миллион аяқ киім тігуге болады
Бақытжан Момбеков, «АТАМЕКЕН» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің І санаттағы сарапшысы:
- 1 млн 143 мың пар аяқ киім тігуге жұмсалады. Ал біздің нарықтың өлшемі 46 млн-ға дейін тігіп шығара аламыз. Бәсекелестікке біз қабілетсіз болып тұрмыз. Өйткені біздің несие үлкен, коммуналдық қызмет қаржылары өте үлкен, қайтарлымайды, субсидияланбайды. Жеткізу логистикасына дейін мысалы.
Тағы бір күрделі мәселе химиялық реагенттерге қатысты. Тері өңдеуге қажет қоспалар шетелден жеткізіледі. Қысқа күнде қырық құбылған қазіргі жағдайда бұл қоспаны жеткізу де қиындап кеткен. Сондықтан, кәсіпкерлер Астана мен Алматыда арнайы қойма ашуды ұсынып отыр. Бұл қор жарты жылға дейін еркін жетуі тиіс. Сонда санаулы ғана отандық зауыт үздіксіз жұмыс істейді. Әйтпесе, өндірушілер тапшылық кезінде табыстың тең жартысын осы реагентке жұмсауға мәжбүр.
Қорыта айтқанда, тері өңдеу саласына тереңірек үңілмесек, ауған жүгіміз түзелмесі анық. Тең-тең теріні тиынға сатумен алысқа ұзамаймыз. Одан тігілген етіктің 15 есе қымбат тұратынын ескеретін уақыт жетті.