Digital Finance: Инфрақұрылым, реттеу, басымдықтар
«Қаржылық қызметтерді цифрландыру экономиканың өсуіне ықпал етеді. Әлеуметтік прогресс пен әрбір адамның игілігіне қызмет етуі үшін күш біріктіруіміз керек».
Digital Almaty форумында Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов осылай деді. Панельдік сессияға қатысушылар Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады. Жиынға қаржы ұйымдарының басшылары, халықаралық төлем жүйелерінің өкілдері мен қаржы нарығына қатысушылар түгел жиылды.
Ұлттық Банк басшысының айтуынша, қолма-қол ақшасыз экономиканың өсімін, цифрлық банктік сервистерді, қаржылық және мемлекеттік қызметтерді дамытуда жетістіктер жетіп артылады. Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын құру – Қазақстанның қаржы индустриясын одан әрі дамыту үшін қажет маңызды қадам болмақ.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
- Толық нарықтық билік тұтынушылардың қолында болуы керек – платформалық бизнес үлгілерін дамыту бизнес пен азаматтардың таңдауын шектемеуі керек. Ал цифрлық экожүйелер ашық болуға тиіс. Бұл біздің берік ұстанымымыз. Осының негізінде біз Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды қалыптастырып жатырмыз.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, цифрландырудың жаңа кезеңіне жалпыға қолжетімді цифрлық қаржылық инфрақұрылымсыз көшу мүмкін емес. Сондықтан қаржы ұйымдарының өзара іс-қимылын және ұлттық деңгейде цифрлық қаржылық қызметтердің кеңінен енуін қамтамасыз ету керек. Бір сөзбен айтқанда, барлығына түсінікті және бірыңғай ереже болуы шарт. Қазір Ұлттық банк осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр.
Бинұр Жаленов, Ұлттық төлем корпорациясының басқарма төрағасы:
- Өткен жылы цифрлық теңге айналымға қосылды. Биыл бұл бағыттағы жұмыстың ауқымы кеңейеді. Қазақстандық тұтынушылар цифрлық теңгеде шот ашып, оны әртүрлі инновациялық қызметтерге пайдалана алады.Биыл біз бірыңғай QR енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол барлық банк қосымшасына жарамды болады.
Панельдік сессияда қаржы нарығын қадағалау мен реттеуді цифрландыру, жасанды интеллектіні қаржы технологияларында пайдалану мәселесі де көтерілді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов