Ақтөбе облысы экономикасына 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды
Ақтөбе облысы экономикасына былтыр 1,1 трлн теңге инвестиция салынды.
Өңірде бірнеше ірі жоба жүзеге асқан. Жарты ғасырға жуық кен орындары маңында жиналған шламм қалдықтарын өңдеу фабрикасы іске қосылды. Мұнай мен газ өндіруге арналған мобильді бұрғылау қондырғылары да былтырдан бастап ел төңірегінде жасалатын болады. Облыс орталығы маңындағы индустриялық аймақтың өзінде 14 жоба іске қосылған.
Көгілдір отын мен мұнай шығатын өңір үшін бұл зауыттың маңызы зор. 7 жыл бұрын ашылған өндіріс орны күні кешеге дейін құбырлар мен резервуарлар, атқылау арматурасы сияқты түрлі темір бұйымдарды ғана құйып келді. Былтырдан бастап мобильді бұрғылау қондырғыларын жасауға кіріскен.
Руслан Лебедев, зауыттың өндіріс жөніндегі директорының орынбасары:
- Зауыт өнімдерінің негізгі тұтынушылары Қазақстандық компаниялар. Әр түрлі өңірлерден тапсырыс түседі. Мұнай мен газ өндіретін Атырау, Маңғыстау Ақтөбе облыстарынан. Қазір шетелге экспорттау жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Атап айтқанда Өзбекстанға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Жаңа цех құрылысына 1 млрд теңге инвестиция салынған. Нәтижесінде импорттық мұнай өндіру құрылғыларын отандық өніммен ауыстыруға мүмкіндік туды. Өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа өнім түрлерін шығару биылғы жоспарға да енген.
Азамат Аплатонов, зауыттың бас инженері:
- Қазір 4 өндіріс цехін салумен айналысып жатырмыз. Ол жерде құбырларды өңдеумен айналысады. Жаңағы полимерлі специализированный покрытие дейді. Сонымен де айналысады. Ол жер де ашылса тағы да жұмыс орындары жергілікті азаматтарға, мамандарға ашылады.
Зауытта қазір 200-ден астам маман еңбек етеді. Жалпы былтыр өңірде инвестициялық жобалар аясында жаңадан 700-ге жуық жұмыс орны ашылды. Мәселен «Ақтөбе» индустриялық аймағында құны 29 млрд 800 млн теңге болатын 14 жоба жүзеге асты. Алдағы 4 жыл ішінде облыс экономикасына тартылғын сыртқы қаржы көлемі 4 трлн 1 млрд теңгеге жетуі тиіс. Негізгі бағыт баламалы энергия өндіру мен шикізат өңдеуге басымдық беріледі.
Нұртуған Оралбаев, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы жылғы инвестициялар бойынша жоспар - 1,3 трлн теңге инвестиция. Ірі және маңызды жобалардың арасында осы жылы қосылатын ол Хромтау ауданында жел электр станциясы. 153 мВт-қа дейін энергия беретін станция болып табылады.
Мамандар былтыр өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 9,5 процентке артқанын айтып отыр. Оның ішінде шикізат өңдеу саласына құйылған қаражат көлемі 84 млрд теңгені құраған. Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болат Молдағалиев