Жаңа инвестициялық кезең

«Ел экономикасының негізгі капиталына 18 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Қаржының дені шикізаттық емес секторға құйылған. Бұл былтырғы көрсеткіш. Дегенмен, инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатыр». Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырсында Президент осылай деді. Ендігі міндет - инвесторларды қағазбастылықтан арылтып, қаржы құюға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен көмек көрсету.

50 млн доллардан артық қаржы салуға ниетті нивесторларды «бір терезе» қағидасымен жан-жақты қолдау көрсету керек. Яғни, тиісті рәсімдерді жасау үшін уақыт кетірмей, оларды бір жерден жүргізу міндеттеледі. Бұл Президенттің Үкімет алдына қойған қатаң талабы болды. Мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шараларды өткізумен әуестенбей, инвестиция тарту бойынша нақты іске көшуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, немесе, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек. Үкіметке Инфрақұрылым жоспарын қайта қарауды тапсырамын. Негізгі басымдықтарды айқындап, стратегиялық маңызы бар жобаларға жеке инвестиция тарту мәселесін мұқият ойластыру керек. Тек аса қажет болған жағдайда ғана қаржылай қолдау шараларын қарастырған жөн.

Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуы тиіс. Президент мұны да қадап айтты.

Қазақстанды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыру стратегиялық міндеті тұр. Бұл ретте тиісті инфрақұрылымдарды да қалыпқа келтіру керектігі анық. Мәселен, Нидерландының кәсіпкерлері еліміздің теңіз порттарын жаңғырту ісіне қатысуға ниетті.

Хэнк Нибур, Қазақстан-Нидерланд кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы:

- Қазақстан Орта дәлізді дамытуда жетекші рөл атқарады және осы бағыттың негізгі бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, Қорғас теміржол терминалы және Ақтау мен Құрық теңіз порттары да бұл дәліз үшін өте маңызды. Қазақстанның бізді серіктес ретінде танып, осы дәлізді бірлесіп дамыту жобаларына ашық шақырғанына өте қуаныштымыз.

Италия да Қазақстанның ірі инвесторларының бірі. Соңғы 18 жыл ішінде апеннин түбегінен тартылған қаржы көлемі 7 жарым млрд долларға жуықтады. Еуропалық Одақтың үшінші экономикасы саналатын Италия бізге креатвиті индустрияны да дамытуға көмектесе алады.

2025 жылға қарай бұл саланың отандық экономикаға қосар үлесін 5 пайызға дейін арттыру жоспары бар. Демек, шетелдік инвестиция бұл бағыттағы жобалардың көкжиегін кеңейтеді.

Марко Беретта, Италияндық-қазақ сауда қауымдастығының президенті:

- Креативті индустрия – бұл талантты адамдардың атқарып жатқан жұмысы. Италияда бұл саланың жылдық табысы 47 млрд долларға жетеді. Осы бағытта жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес Италияны бүкіл әлемге танымал етті. Біз осы тәжірибемізбен Қазақстанмен бөлісіп отырмыз. Компанияларымыз жақсы қарым-қатынаста. Қазір Қазақстан креативті индустрияға қыруар қаражат бағыттап отыр.

Инвестиция 2023 ж.

Негізгі капиталға инвестиция - ₸ 18 трлн

Өсім - 13,7% / стрелка вверх /

Шикізаттық емес секторға – $11 млрд

АӨК – $2,2 млрд

Өнеркәсіп – $1,4 млрд

Энергетика – $1 млрд 

Жалпы былтыр ел экономикасының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 18 трлн теңге. Өсім 14 пайызға жуықтады. Қаржының дені шикізаттық емес секторға құйылған. Одан кейін агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп пен энергетика саласы. Ендігі міндет - жаңа инвестициялық кезеңді бастап, ішкі және сыртқы қаржы көздерін ұлғайту. Бұл - жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті.

Авторлары: Риат Шони, Арман Ақшабаев, Ерлан Наурызбаев