Инфляция жаңа әдіспен есептеледі
Жыл басынан бері Қазақстанда әлеуметтік азық-түлік бағасы 0,4%-ға өсті.
Ал өткен аптадан бері нарықта баға тұрақты. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Биыл көктемнен бастап инфляция жаңаша есептеледі.
Ішкі нарықтағы бағаны бақылау бойынша жаңа әдіснама әзірленді. Пилоттық жоба жақында іске қосылады.
Биыл мамырдан бастап инфляция жаңаша есептеледі. Енді айлық инфляция үш аптаның деректеріне сай қалыптасады. Сонымен қатар, тың тәсілмен ашық деректерге талдау жүргізіледі. Осы ретте 2023 жылға да жаңа әдіспен талдау жүргізіледі. Бірақ қосымша қолданыстағы жүйе де пайдаланылады. Осылайша өткен жылдың инфляциясын екі түрлі жолмен есептейді. Бұл туралы Үкіметте өткен кеңесте айтылды. Инфляцияны есептеудің жаңа әдістемесін дайындауда Халықаралық валюта қоры сарапшыларының ұсыныстары ескерілген.
Цитата: Мақсат Тұрлыбаев, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы:
- Жұмыс жоспарына сәйкес, наурызда жаңа әдіснаманы пысықтауды аяқтаймыз. Сәуірде бағдарламалық кешенге өзгерістер енгізіліп, мамырда индекстерді есептеу бойынша пилоттық жобаны бастауды жоспарлап отырмыз. Келесі жылдан жаңа әдістемеге толық көшеміз.
Ұлттық өнімдер каталогы
Жаңа әдістемені әзірлеумен қатар, Ұлттық өнімдер каталогы енгізіліп жатыр. Ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сататын барлық сауда желісі мен бөлшек сауда орнында баға бақылауын ашық жүргізу үшін қажет. Тауарлардың ұлттық каталогын анықтама ретінде пайдалану заңмен міндеттеледі. Қазіргі елде тауарлар мен қызметтер туралы ақпаратты жинауды цифрландыру жүргіп жатыр. Осылайша мамандар, инфляцияны бақылау үшін қажетті статистиканың сапасын жақсартпақ.
Айта кетейік, биыл қаңтарда елде жылдық инфляция 9,5%-ды құрап бәсеңдей түсті. Дегенмен, 15 өңірде жылдық инфляция баяуласа, 3 аймақта қарқын алып, 2 өңірде өзгеріссіз қалды.
Мұнай-химия өндірісі екі есе артады
Қазақстан мұнай-химия өндірісін екі есе арттырады. Бұл өнімдердің экспорты өткен жылы 66% - ға өсті. Бұған елімізде полипропилен өндіру зауытының ашылуы оң ықпал еткен. Өткен жылы экспортталған 250 мың тонна полипропиленнің 75%-ы осы зауытта шығарылған. Биыл елдің мұнай-газ химиясы өнімдерінің экспорты 500 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Соның 450 мың тоннасы полипропилен болады деген жоспар бар.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 6,9 процентке өсті. Көрсеткіштің өсуі 14 өңірде тіркелді. Металлургия өндірісі 12 процентке, химия өнеркәсібі 40 процентке, металл бұйымдары 18 процент, жеңіл өнеркәсіп 3,5 процентті құрады. Тау кен өндірісіне келсек, өндіріс көлемі 0,2 проуентке жоғарылады. Газ өндіру 0,5 процентке өзге де пайдалы қазбаларды өндіру3,3 процентке өсті.
2022 жылы елімізде 271 мың тонна мұнай-газ-химия өнімі өндіріліп, 2023 жылы 515 мың тонна өнім шығару жоспарланған болатын. Негізінен қазақстандық полипропилен Қытайға сатылды. Аспан асты еліне өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 89,5 мың тонна өнім жеткізілді. Тағы бір ірі нарық - Польша. Орталық Еуропадағы елге 25 мың тоннаға жуық экспортталды. Сонымен қатар, Ресей, Түркия, Еуропалық Одақ елдеріне де мұнай-химия өнімі жіберілді.
Сонымен қатар, Қазақсатанда полиэтилен импорты өсіп келеді. Өткен жылы елге теміржол арқылы 125 мың тонна жеткізілген. Негізінен полиэтилен Ресейден, Қытайдан, Түрікменстаннан және Өзбекстаннан әкелінді. Қазақстанға жылына 180-240 мың тоннаға дейін полиэтилен қажет. Соңғы жеті жылда оны тұтыну екі есе өсті. Егер 2015 жылы шетелден 101 мың тонна полиэтилен жеткізілсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 227 мың тоннаны құрады. Бүгінгі таңда полиэтиленге ішкі сұраныс толығымен импорт есебінен жабылады.
Полиэтилен импорты 2023 ж.
Ресейден 49,7 мың тонна
Қытайдан 22 мың тонна
Түрікменстаннан 23,7 мың тонна
Өзбекстаннан 19,8 мың тонна