Жүзден астам үй заңсыз салынған
Президент Қала құрылысы туралы кодексті жаңартуды тапсырғаны белгілі.
Сосын Үкіметке құрылыс саласындағы кемшілікті жоюды жүктеді. Әсіресе заңсыз салынған үйлердің зардабын халық тартып отыр.
Қазір елдегі 100-ден астам үйдің заңсыз тұрғызылғаны анықталды. Жалпы, салада қандай өзгеріс болмақ?
2029 жылға дейін Қазақстанда 1 жарым мың үй сүріледі. Бұл – әбден ескіріп, апатты деп танылған үйлер. Қазір елде 56 мың көппәтерлі тұрғын үйдің 791-і апатты жағдайда тұр. Ал заңсыз тұрғызылған үйлер туралы алдағы уақытта айтып берейін.
Ит байласа тұрғысыз апатты үйдің бұзылғаны түсінікті. Ендігі әңгіме – заңсыз салынған үйлер туралы. Қазір республикада заңсыз тұрғызылған 100-ден астам үй бар.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сүйенсек, былтыр құрылыс субъектілеріне қатысты 2522 тексеріс жүргізілді. 4000-ға жуық әкімшілік іс қаралды. Сөйтіп 1 млрд 200 млрд теңгеден астам айыппұл салынды.
Көбінесе салынып біткен ғимараттың құжатынан кемшілік табылады. Сонымен қатар құрылыста қолданылған материалдың сапасының төмендігі анықталып жатады. Әрине, жылдар бойы жинаған ақшасына басыбайлы баспанамды алсам деген кез келген жанның мұндайда қарап отырмайтыны белгілі.
Елтай Ғалымжанов, ҚР ӨҚМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы:
- Құрылыс өнімдері дегеніміз, бұл қазір мына үйлер аяқталады, құрылысы бітеді. Біткеннің өзінде, тапсырғанның өзінде кемшіліктер шығып жатады. Ну, бір жерден там су ағып жатады, кейбір жерлерде ауытқулар болады. Тас құлап жатады, трещина пайда болып жатады. Сондай, сондай моменттер болады. Соның бәрі құрылыс салып болғаннан кейінгі шығып жатқан кемшіліктер. Қазіргі көбі, халықтың арызданатын негізгі себептері осылар.
Құрылыс субъектілерін тексеру нәтижесі /2023 жыл:
2 522 тексеріс
3 777 әкімшілік іс
₸1 252 млн айыппұл
Тек 200 үйдің құрылысына үлескер тартуға болады
Үлескерлікпен үй тұрғызатын құрылыс компаниясына қаржы саларда абай болыңыз. Мәселен, қазір елде 1200 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Оның ішінде, тек, 200-іне үлескер тартуға рұқсат берілген. Ал өзге ғимараттардың құжатынан кінәрат табылса, бірден сүріледі. Ондайда үлескерлердің не үй жоқ, не ақша жоқ, далада қалатыны жасырын емес.
Арызын арқалап сотқа барғанымен іс жылдарға созылады. Соңында су аяғы құрдым болмаса жақсы. Сондықтан үй алам деген әр адам жергілікті әкімдіктердің хабарландыруына құлақ түре жүргені жөн. Себебі, әкімдік апта сайын құрылыс жүргізуге және үлескер тартуға құқы бар компаниялардың тізімін жариялап отыруға тиіс. Бұдан бөлек, салуға рұқсат берілмеген нысандар тізбесін де көрсетіп отыруға міндетті.
Елтай Ғалымжанов ҚР ӨҚМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы:
- Жалпы, біздің республикада 1200-ге жуық көпәтерлі тұрғын үй салынуда. Үлескерлер келісімшартқа отырмас бұрын ең бірінші отырмастан бұрын үлескердің қаражатына үй салуға рұқсаттамасы бар ма, жоқ па? Бірінші соны білуі керек.
Жаңа кодекс кемшілікті жоюға тиіс
- Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында Президент құрылыс саласын сынға алды. Қала құрылысы туралы кодексті қайта қарауды тапсырды. Қазір тапсырма бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жаңа құжатта цифрландыруға айрықша көңіл бөлінбек. Бұл жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс. Мәселен, e-Qurylys ақпараттық алаңында құрылыс объектісінің құрылысы бастан аяқ көрсетіледі. Яғни, бұл жерде сапаны бақылау, техникалық қадағалау және авторлық сүйемелдеу есептері қамтылады.
Тіпті, орындалған жұмыс ақысы да жазылады. Құжаттағы тағы бір жаңалық – бюрократия мен қағазбастылықтан арылуды көздейді. Мәселен, бұрын халқы 100 мыңға жетпейтін қаланың бас жоспары әкімдікте кешенді сараптамадан өтетін. Ал ірі қаланың бас жоспарының сараптамасы орталық мемлекеттік орган деңгейінде қаралатын. Бұл ұзақ уақытты алатын және шығынды көп қажет ететін.
Енді, биылдан бастап барлық жоспарлар мен өзгертулер «бір терезе» қағидаты бойынша «Мемсараптама» мекемесінде сараптамадан өтеді. Барлық жұмыс электронды форматта жүргізіледі. Сонымен қатар «жоспарлы инспекциялау» тетігі енгізіледі. Яғни мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен төтенше жағдай органдары салынған нысандарды қабылдауға қатысады.
Жаңадан салынған үйлердің құрылыс компаниясының салғырттығынан сүріліп жатқаны айтпаса да белгілі. Сол себепті, құзырлы органдар жауапсыз ұйымдардың жолын кесу үшін бұған дейін берілген барлық лицензияны тексеруді бастамақ.
Алматыдағы жер сілкінісінен кейін сейсмикалық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінде тұр. Жаңа кодексте бұл мәселе қамтылған ба?
Құрылыс кодексінде сейсмикалық қауіпсіздікке баса назар аударылған. Қазақстан жерінің 45 пайызы сейсмикалық қауіпті аймақтар қатарына жатады. Сондықтан құрылысшылар ғимарат орнын таңдағанда зерттеу ұйымдарының сараптамасын басшылыққа алуға міндеттеледі.