Зергерлік бұйымға цифрлық таңба қойылады
Көлеңкелі бизнес отандық кәсіпкерлерді ғана емес, жалпы экономиканы тығырыққа тірейді.
Сол себепті міндетті таңбалау қолға алынған. Енді шілде айынан бастап, зергерлік бұйымдарға да цифрлық таңба қойылады.
2022 жылғы 1 наурыз бен 2023 жылғы 31 қазан аралығында бағалы әшекейлерді цифрлық таңбалау пилоттық жоба ретінде әрі ерікті түрде жүргізілді.
Биылдан бастап зергерлік бұйымдарға цифрлық таңба қою міндеттеледі. Мақсат – көлеңкелі бизнестің жолын кесу. Қазір контрафактілік цехтарда Түркия, Ресей, Италияның жалған белгісі бар өнімдер шығып жатыр. Бұл заңды тауар өндірушілерге нарықтағы орнын айқындауға кедергі. Ресми тіркелмеген, сәйкесінше салық төлеуді де қажет санамайтын кәсіпорындар өнімін арзан бағаға сатады. Оның сапасы күмәнді. Бұл, тіпті шетелдік брендтермен бәсекеге түсуге қауқарлы, отандық өндірушілердің ісін алға жылжытпай тұр. Зергерлер лигасының дерегіне сүйенсек, бағалы бұйымдардың көлеңкелі нарығы 99 пайызға жетіпті. Ал техникалық реттеу және метрология комитеті 2300-ден астам зергерлік бұйым өткізушісін тексерістен өткізген. Оның 80%-ында «Барыс басы» белгіленген, яғни ұлттық сынамалық таңбаның жоғы анықталды. Сырттан келетін өнімдерден де мұндай таңбаны байқай бермейтініміз рас.
Ғалымжан Төребек, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитетінің басқарма басшысы:
- Нарықта қазіргі таңда ондай таңбасыз контрабанда тауарлардың көбеюіне байланысты міндетті таңбалауды енгізу қажет болып тұр. Осымен халықтық қадағалау. Тұтынушы сатып аларда зергерлік бұйымдағы кюар код арқылы ашып қарай алады. Оның ішіндегі құрамы қандай? Қай компанияда шығарылды деген сияқты. Ол бұйымның толық ақпаратын алады.
Отандық өнімнің үлесі аз
Цифрлық таңбалау алдымен импортталған тауарларға енгізіледі. Содан кейін өндірушілер мен алыпсатарларға міндеттеледі. Ал таңбасыз сатылған бұйым үшін айыппұл қарастырылған. Статистикаға жүгінсек, былтыр елге 68 млрд теңгенің зергерлік өнімі әкелінді. Негізгі импорттаушылар - Түркия, Қытай, Ресей. Ал отандық өнім бар-жоғы 2,3 млрд теңге болды. Қазір нарықта он мыңға жуық кәсіпкерлік субъекті бар. Оның 200-і ғана тауар өндіруші. Өнімнің басым бөлігі Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында шығарылады. Зергерлер лигасының төрағасы нарықта әділдік орнату үшін талапты да күшейту керек дейді. Тіпті бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдардың заңсыз айналымына қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынады.
Қайсар Жұмағалиев, Қазақстан зергерлер лигасының төрағасы:
- Цифрлық таңбалаумен қоса, оларға ірі көлемде айыппұл салу, тауарын тәркілеу, тіпті бас бостандығынан айыру жазаларын қолдану қажет. Заңдыз әрекеттердің жолы кесілсе, біз Ресей мен Түркияның зергерлік компанияларымен бәсекелес бола аламыз. Ал дәл қазір ішкі нарықтың өзінде бәсекеге түсе алмай отырмыз.
Алтын-валюта қоры 36 млрд доллар
Былтыр елдегі алтын-валюта қоры 36 млрд долларға жетті. Бір жылдағы өсім 900 млн доллар. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, қаражат 6 айлық импортты жабуға жетеді. Халықаралық резервте қазір 294 тоннадан аса алтын жиналған. Осылайша әлемдегі алдыңғы 20 елдің қатарына кірдік. Алтынды сатудан да дес бермей келеміз. Ұлттық банк былтыр жалпы салмағы 1,6 тонна болатын 38 729 алтын құймасы сатылғанын хабарлады. Көбіне 100 грамдық алтын түріне сұраныс түседі.
Әлия Молдабекова, ҚР Ұлттық Банк төрағасының орынбасары:
- Алтын-валюта резервінен қаражаттың әкетілу факторлары ішінде мемлекеттік қарызды өтеуді атап өткен жөн. 2023 жылы төлем көлемі шамамен 1,8 млрд долларды құрады. Бұдан басқа, Ұлттық Банктің валюталық шоттарындағы екінші деңгейлі банктер алдықтарының төмендегені байқалды.
Инвестицияға жол ашық
S&P сарапшылары еліміздің тәуелсіз несиелік рейтингін растады әрі "тұрақты" деген болжам жасады. Демек, Қазақстан өзінің қаржылық міндеттемелерін орындауға қабілетті екенін көрсете білді. Осылайша елге неғұрлым тиімді шарттармен инвестиция тартуға мүмкіндік бар. Дегенмен, инфляциялық қысым әлі сақталады. Халықаралық сарапшылар биыл оның үлесі орташа алғанда 8% дейді. 2026 жылға қарай Ұлттық Банктің нысаналы деңгейіне сай 5%-ға дейін төмендейді.