Жетісу облысында жел электр станциясы салынады
Қазақстан мен Сауд Арабиясы Жетісу облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын бірлесіп салады.
Бүгін Президент корольдіктің энергетика министрін қабылдап, саладағы әріптестік жайын талқылады. Кездесу барысында аталған жобаны іске асыру туралы келісімге де қол қойылды. Жетісу облысындағы бұл станцияны қуаты 1 ГВт болады деп жоспарланған. Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрі Абдулазиз бен Салман Әл Саудпен әңгімелесу барысында қазақ-сауд қатынастарының бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін атап өтіп, Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен арадағы уағдаластықтар барлық секторда екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін бергенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің сапарыңызды екі мемлекет арасындағы достық пен тығыз байланыстардың айқын көрінісі ретінде қарастырамыз. Мен сіздің ғажайып еліңізге жасаған сапардан естен кетпес әсер алдым. Сапар, шын мәнінде, табысты болды. Біз көптеген мәселе бойынша, әсіресе, энергетика секілді маңызды салада ынтымақтастық орнату туралы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Екіжақты қарым-қатынастың болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Өзара ынтымақтастығымыз стратегиялық сипатқа ие. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Жоғары Мәртебелі Мұхаммед бен Салманға ізгі тілегімді жолдағым келеді.