Жиһаз экспорты 3 есе ұлғайды

Отандық өндіріс импортты алмастыруға тиіс. Үкіметтің алдына қойылған міндеттің бірі осы.

Иә, импортты азайтып, экспортты күшейту бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды міндеттердің бірі. Үкімет қолға алған іс-шаралар жемісін бере бастады. Мәселен, Жиһаз экспорты бір жыл ішінде үш есе өсті.

Жиһаз экспортымен қатар резеңке және пластмасса бұйымдарының экспорты да өсті. Сонымен қатар, Моңғолияға алғаш рет локомотив жеткіздік.

Жиһаз экспорты үш есе ұлғайды. Былтыр отандық өндірушілер құны 14 млн долларға жуық тауарды шетелге шығарды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 31 пайызға артық. Негізгі импорттаушылар – ТМД елдері.

Жиһаз экспорты

2023 жылы – $13,7 млн

өсім – 31 пайыз

негізгі импорттаушылар – ТМД елдері

Жалпы, жыл ішінде елде 83 млрд теңгенің жиһазы жасалған. Мұндағы өсім 28 пайызды құрап отыр.

Жасалған өнімнің басым бөлігі – ас үй жиһаздары. Өндіріс көлемі былтырға қарағанда 50 пайызға өсті. Сондай-ақ, кеңсеге арналған жиһаздар саны 5 пайызға артты.

Соған сәйкес, импорт кеміді. 2022 жылмен салыстырғанда 5 пайызға төмендеді. Бұл деректер кейінгі жылдары отандық өнімнің тұрғындар талғамына сай құрастырылып жатқанын айғақтайды. Яғни, сапасы, сәні мен бағасы көптің көңілінен шығады деген сөз. Былтыр отандастарымыз 245 млрд теңгенің жиһазын сатып алыпты.

Қазір елде жиһаз жасайтын 1515 кәсіпорын бар. Оның 1507-і – шағын кәсіпорын. Қазір ел бойынша 15 мыңға жуық адам жиһаз құрап, нан тауып жүр.

Инвестиция тартуда Түркістан көш бастады

Салаға инвестиция көлемі 4 есе өсті. Былтыр 17 млрд 166 млн теңге қаржы салынды. Ал 2022 жылы 4 млрд теңгеден астам қаражат тартылған еді.

Жиһаз өнеркәсібі оңтүстікте өркендеп тұр. Ең қомақты инвестиция – Түркістан облысында. Бір жылдың ішінде 9 есе артты. Республикалық көрсеткіштің 77 пайызы – осы өңірдің еншісінде. Түркістандықтар жиһаз кәсіпорындарына 13 млрд теңгеден астам қаржы салды. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша 2022 жылы облыста жиһаз өнеркәсібінің инвестициясы 1 млрд 400 млн теңгені еңсерген еді. Былтыр облыс кәсіпорындары көбіне кеңсе мен сауда кәсіпорындарына арналған жиһазды өндіруге күш салды.

Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция

2022 жылы – ₸4,4 млрд

2023 жылы – ₸17,1 млрд

Отандық локомотивтерді Моңғолия сатып алды

Моңғолия қазақстандық локомотивтерді сатып алды. Елімізде жасалған дизельді-электр локомотивтердің алғашқы төртеуі Моңғолияға жеткізілді. Бір локомотивтің құны 4 млн доллардан асады.

Қазақстандық локомотивтерге шетелдіктердің қызығушылығы зор. Қазірдің өзінде Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Молдова, Әзірбайжан мен Түрікменстан елдерінен тапсырыстар түсті. Бұл локомотивтерді локомотив құрастыру зауыты мен электровоз құрастыру зауыты жасайды. Әр кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 100 техниканың деңгейінде.

Осы күнге дейін локомотив құрастыру зауыты 517 локомотив жасап шығарды. Ал елордадағы электровоз құрастыру зауыты теміржол нарығын 2010 жылдан бері игеруге кірісті. Зауыт Орталық Азиядағы маңдайалды кәсіпорындардың бірі саналады.

Жалпы, былтыр отандық машина жасау саласындағы өнім көлемі 25 пайызға өсті. Үкіметте қабылданған кешенді жоспар бұл көрсеткішті еселеуді көздейді.

Цитата:

«Былтыр арнайы экономикалық аймақтар аумағында кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттары реформаланды. «Инвестициялар неғұрлым көп болса – жеңілдіктер соғұрлым көп болады» қағидаты бойынша экономикалық аймақ қатысушылары үшін жеңілдіктер берудің сараланған тәсілі енгізілді. Сондай-ақ, былтыр машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Кешенді жоспарды толыққанды іске асыру есебінен машина жасау саласының жалпы қосылған құнының 4,5 есе өсуі қамтамасыз етіледі».

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі

Резеңке және пластмасса бұйымдар экспорты еселенді

Резеңке және пластмасса өнімдерінің экспорты екі есе өсті. Сөйтіп, шетелге шығарған тауар 330 млн доллардан асты. Жылпы, былтыр Қазақстанда 444 млрд теңгенің бұйымы өндірілді. Мұның 40 пайыздан астамы – пластмасса плиталар, құбырлар мен профильдер. Өндіріске арналған резеңке конвейерлер мен жетек белдіктері көптеп шығарылды.

Өнім өндіру бойынша көш басында Алматы облысы тұр. Барлық өнім көлемінің 22 пайызы осында жасалған. Бұдан кейін Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысы орналасқан. Сондай-ақ, үздік бестікті Шымкент қаласы түйіндейді.

Резеңке және пластмасса бұйымдар өндірісі /2023 жыл/

Алматы облысы – 22 пайыз

Астана қаласы – 18,6 пайыз

Алматы қаласы – 11,4 пайыз

Қарағанды облысы – 8,1 пайыз

Шымкент қаласы – 6 пайыз