Елімізде жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады
Мамыр айында елімізде жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады.
Бұл жылжымайтын мүлік нарығына қалай әсер етеді?
«Көктем мен күзде үйге сұраныс артады. Сондықтан, баспана бағасы сәл өсуі мүмкін», - дейді сарапшылар. Ал жазда керісінше тұрғын үй нарығындағы сауда бәсеңдейді.
Жаңа бағдарлармаланың нақты шарттары әзірге белгісіз. Дегенмен, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар үшін несенің жылдық мөлшерлемесі 7% болады. Оны көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар пайдалана алады. Ал қалғандары үшін 9%. Алматы мен Астанада 30 млн теңгеге дейін, ал қалған өңірлерде 18 млн теңгеге дейін несие беріледі.
Лев Тетин, инвестициялар және жылжымайтын мүлік нарығының халықаралық сарапшысы:
- Жаңа бағдарламаның екі ерекшелігі бар. Біріншіден, бағдарлама халықтың әлеуметтік жағынан осал топтағыларға арналған. Сәйкесінше, несие алдымен осы санаттағыларға беріледі. Екіншіден, халыққа берілетін қарыз өңірлерді дамытуға бағытталған. Бұл өте жақсы бастама. Ендігі мәселе, адамдар бағдарламаны пайдаланып үй алғаннан кейін, сол баспаналарды сата бастаса, онда бұл жылжымайтын мүлік нарығына тікелей әсер етеді. Сұраныс артады. Менің болжауымша, жыл соңында пәтерлер бағасы 15%-ке дейін қымбаттауы мүмкін.
Жаңа бағдарламаға 300 млрд теңге бөлінеді. Бір жылда 12 мың отбасы қоныс тойын тойлайды деп жоспарланған. Өткен жылы 17 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, кезекте тұрғандар үшін 4 есе көп жалға берілетін үй салу жоспарда бар. Оған бюджеттен 272 млрд теңге жұмсалады. Бастысы - баспаналардың сапалы болуына басымдық беріледі. Жыл соңына дейін ел бойынша 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Жаңа бағдарламаға кім қатысады?
- Жұмыс істейтін жастар
- Жас отбасылар
- Тұрғын үй төлемін алып отырғандар
- Отбасы банк салымшылары
- Моноқала, аудан орталықтары, ауыл тындары
Жеңілдетілген ипотека талаптары
Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және 17 қала мен облыс орталықтарында тек жаңа тұрғын үй сатып алуға болады. Ал басқа елді мекендерде кез келген баспана жаңа бағдарламамен қолжетімді. Оның ішінде, жер үйлер де бар. Осылайша, ипотека тек моноқалалар үшін ғана емес, Қазақстанның барлық елді мекендерін қамтиды.
Жалдамалы баспанаға кезек
«Азаматтарға арналған үкімет» деректеріне сүйенсек, қазір 645 мың адам баспананы жалға алуға кезекте тұр. Бұл тізімде Түркістан облысы көш бастап тұр. Кезекте 61 мың адам бар. Екінші орында Шымкент – 50 мың адам, үшінші орында Алматы, онда кезекте тұрғандар саны 42 мыңнан асады. Ұлытау облысында тұрғын үйге Кезекте тұрғандардың саны аз. Бұл биыл қаңтар айында берілген Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің деректері.