Автобус жүргізушісі тапшы

Астанада халық саны көбейген сайын қоғамдық көлікке деген сұраныс артып келеді.

Сондықтан, еліміздің бас қаласындағы қоғамдық қызмет сапасын көтеру мәселі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі саналады. Сол себепті қазір Үкімет, қала әкімдігі автобус санын көбейтуге күш салып жатыр.

Былтыр 400 автобус қатарға қосылды. Қазір күнделікті қала көшелеріне 1401 автобус шығып жүр.

Жаңа бағыттар ашылады

Жалпы, қала ішіндегі жолаушылар тасымалын үйлестіру «СTS» компаниясына жүктелген. Қазір қалада 96 автобус бағыты бар. Компанияның баспасөз қызметі жаңа көліктермен толығатын бағыттар туралы тұрақты түрде хабарлап тұрады. Мәселен, 5 ақпаннан бастап халық жиі мінетін №3 бағытқа 3 автобус қосылды. Сөйтіп, желідегі көлік саны 15-ке жетті.

Бұдан бөлек, тағы бірнеше бағыттағы көлік саны көбейді. Сондай-ақ, кейінгі уақытта жаңа бағыттар жиі ашылып жатыр. Немесе бұрыннан бар бағыттар ұзарып, аялдамалар қосылды. Жарқын мысалы – ақпанның соңында №42 бағыт жұмысын бастады. Бүгінде автобустар бұған дейін қоғамдық көлік тікелей жүрмеген Хусейн бен Талал көшесінен Көкталға дейін қатынап жүр. Жақында тағы бірнеше бағыт ашылмақ.

Қоғамдық көлік қызметі:

Барлығы – 1401 автобус

96 бағыт

300 автобус қосылады

Салтанат Әбдезова CTS компаниясы Көлік үйлестіру департаментінің бас менеджері:

- 55-ші маршрут, 58-ші маршрут, 62 және 63 деген маршруттар жоспарланып отыр. Маршрутты іске қосу, ол жаңа техникалық қызмет көрсету мүмкіндіктерін жақсартады. Ол әл-Фараби даңғылына, «Зеленый квартал» ауданына қызмет көрсетуге, одан кейін Әзірбаев, Байтұрсынов көшелеріне арналған маршрут болады.

Қазір елордалық автобус паркіндегі көліктердің орташа қолданылу мерзімі – 7 жыл. Мамандардың айтуынша, ережеге сәйкес шыққанына 14 жылдан асқан автобусты қолдануға болмайды. Биыл Астанадағы автобус саны тағы 300 көлікке көбейеді. Демек, автопарк тағы жасара түседі деген сөз. Алғашқы легі Наурыз мейрамы қарсаңында қалаға жетті. 18 метрлік 40 автобус келді. Көліктер сәуір айында тиісті құжаттамалық рәсімдерден өткен соң жолға шығады. Дегенмен, бұл автобустарға жүргізуші тапшы. Бүгінде қаладағы парктерде 1851 жүргізуші қызмет етеді. Бірақ, әлі де мыңнан астам адам керек. Мамандар барлық талаптарға сай келетін жүргізуші табу қиын екенін айтады.

Салтанат Әбдезова CTS компаниясы Көлік үйлестіру департаментінің бас менеджері:

- Жүргізуші болам деген азаматтарымызға жасы 25-ке толған болуы қажет. Жүргізуші болу еңбек өтілімі 15 жылдан кем емес болуы қажет. Оның ішінде Д1 санатында, яғни, автобустарды жүргізе алу 3 жылдан кем болмауы керек. Барлық парктерде, бонустар дейді ғой, ынталандыру жүйелері бар. Көбінесе жүргізушілерде 500 мыңға жуық жалақы болады. 

Автобус көбейді

Биыл Астана тұрғындары 1 миллион 400 мыңнан асты. Бұдан бөлек, жақын маңдағы елді мекендерден күніне 200 мыңнан астам адам келіп-кетеді. 1 жарым миллионнан астам адамның қала ішінде жаяу жүрмейтіні белгілі. Кемінде тең жартысы автобусқа мінеді. Біз астаналықтардың қоғамдық көлік қызметінің сапасына қатысты пікірін білген едік.

Блиц:

- Мен армиядан келдім. Армияға дейін жиілігі жиілігі онша болған жоқ. Ну, жақсы болған жоқ. Бір жылдай Астанада болмағаннан разницаны көріп тұрмын да.

- Жағалау жақта тұрған кезде 45, кейде примерно 1 сағаттай күтетінбіз. Ұзақ жүретін солай. Қазір мында автобустар көп жүреді.

- 10-15 минут аралары болады. Мен 10-мен жүрем, 35-пен жүрем, 303-пен жүрем, 302-мен жүрем. Көп автобуспен жүрем. Иә, бәрі жақсы.

Иә, жағдай түзеліп келеді дейді астаналықтар. Алайда, әлі де тындыратын шаруа көп. Себебі қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, елорда халқы жыл сайын 50-60 мыңға көбейеді.