Ақтөбе облысында 960 отбасы біржолғы төлем алды

Су тасқынынан зардап шеккендерге 300 млн теңгеден астам қаражат аударылды.

Ал Қостанай облысында 700-ге жуық шаңырақ жиыны 126 млн теңгеден астам әлеуметтік көмек алды. Бұл жергілікті әкімдіктердің соңғы деректері. Ақшалай көмекті басқа облыстардың тұрғындары да алады

Бір отбасыға 369 200 теңгеден берілді. Комиссия су тасқынынан болған шығынды есептеуді жалғастырады. Үйлері тұруға жарамсыз деп танылғандарға жаңа баспана саланады. Ол үшін қаражат Үкімет резервінен және жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бұдан бөлек уақытша салықтық жеңілдіктер де қарастырылып жатыр.

Қаржы министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге салық пен төлемдерді 1 шілдеге дейін шегеруі мүмкін. Бұл туралы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында жарияланған бұйрық жобасында айтылған. Салық төлеушілерге басқа да жеңілдіктер бар. Атап айтсақ, жергілікті атқарушы органдар су тасқынынан зардап шеккендердің тізіміне енгізген салық төлеушілер үшін:

төленбеген салықтық мiндеттемелердi төлеу, салық берешегін мәжбүрлеп өндiрiп алу шараларын 1 шілдеге дейiн тоқтатсын делінген құжатта. Салық есептілігін тапсыру мерзімін 1 шілдеге ауыстыру ұсынылды. Заң бұзушылықтарды жоюға да осы мерзімге дейін уақыт беру қарастырылып жатыр. Салықтық тексерулерді және мерзімі өткен салық міндеттемелері бойынша өсімпұлдарды есептеуді осы уақыт аралығына дейін тоқтата тұру туралы жазылған.  Бұл 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын салыққа қатысты ұсыныстар. Құжат 29 сәуірге дейін ашық талқылауда болады.

1 шілдеге дейін шегеру ұсынылды

барлық салық пен басқа да міндетті төлемдер

салық есептілігін тапсыру мерзімі

салық берешегін мәжбүрлеп өндiрiп алу

анықталған бұзушылықтарды жою

салық міндеттемелеріне өсімпұлдарды есептеу

 

                                                         бұйрық жобасы "Ашық НҚА" сайтында

Биылғы су тасқыны соңғы отыз жылда болмаған шығын әкелді. Ұлттық инвесторлар қауымдастығының сарапшылары апат салдарын бағамдап, келтірілген залалды есептеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері алғашқы су тасқыны 1993 жылы болды. Дүниежүзілік Банктің мәліметтері бойынша, онда шығын шамамен 60 млн долларды құраған. 2008 жылы елдің оңтүстігінде ірі су тасқыны болды. Күннің күрт жылынуы мен қардың еруі нәтижесінде 2,5 мыңнан астам үй су астында қалды. Ол кезде экономикалық шығын 130 млн долларға жетті. Ең ірі табиғи апат 2010 жылы Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылында болды. Ол кезде елді мекен маңында бөгет бұзылды. Үйлердің 80%-ы қирады. Шығын 40 миллион доллар.

Ең ірі су тасқындары және шығын көлемі

1993 ж. - $60 млн

2008 ж. - $130 млн

2010 ж. - $40 млн

2011 ж. - $70 млн

2018 ж. - $5,8 млн

Ал биылғы апаттың Қазақстан экономикасына қандай шығын келтіргені есептеліп жатыр. Тасқыннан зардап шеккендердің алғашқы легі бір реттік төлемдер алды. Үкімет қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына кірісті.