Мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі қысқарды
Мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі қысқарды.
Енді небәрі 10 күн ішінде конкурстың жеңімпазы анықталып, жұмыс басталуы тиіс. Жаңа ереже күшіне енгеннен бері бес есе көп келісімшарт жасалған. Егер былтыр 200 млрд теңгеге шарт жасалған болса, биыл жыл басынан бері 1 трлн теңгеге жуық қаражатқа келісім жасалды. Ал шағым көлемі 22%-ға азайған.
Мемлекеттік сатып алудың мерзімі қысқарды. Енді конкурстар мен аукциондар бойынша жеңімпаз ең ұзақ дегенде он жұмыс күні ішінде анықталады. Атап айтқанда, конкурс тәсілімен өтетін сатып алу бойынша тиісті құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қабылдау — 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытындылау — 10 күннен 3 күнге дейін қысқарды.
Дәурен Кеңбейіл, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Жаңа заң бойынша жергілікті компанияларды қолдау бойынша шаралар қолданылды. Жергілікті компанияларды қолдау балы 1 балдан 2 балға өсіп отыр. Бұл жергілікті жерде тіркелген компанияларға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Біз бүгінгі күні белігілі бір қорытындыларды көріп отырмыз. Осы рейтингтік балдық жүйе бойынша мердігерлер көп өңірлерде мердігерлер таңдалынып алып отыр.
Бұл ережелер тапсырыс берушілер үшін тиімді. Бірақ сол тапсырысты орындаушылар үшін, яғни конкурс жеңімпаздарына қандай жүк артады? Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі жаңа шарттарға қатысты өз пікірімен бөлісті.
Руслан Шоқаев, «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры, реттелетін сатып алу департаментінің директоры:
- Жалпы кәсіпкерлер үшін мемлекеттік сатып алулар мерзімінің қысқаруы көп процессті жылдамдатады. Яғни құжаттарды тез дайындау керек. Отандық тауар өндірушілер үшін бәраз қиындық тудыруы мүмкін. Өйткені тауарды шығару мерзімі де қысқарады. Ал құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысатындарға мұндай өзгеріс қатты әсер етпейді. Әдетте, бұл категориядағы кәсіпкерлер дайын тауарлар сатып алатындықтан, құжаттар дайын тұрады. Сонымен қатар, аталмыш өзгерістің оң әсері, құрылыс жұмыстарының созылып кетпеуіне ықпал етеді.
Мемлекеттік сатып алулар мерзімін қысқартудан қандай экономикалық нәтиже күтіледі? Осы сұрақ бойынша шағын сауалнама жүргізген едік. Нәтижесі мынадай. Көрермендердің 58% бұл "Инфрақұрылымның дамуын жеделдетуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді" деген пікірде, 26% Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттырады деп ойлайды. Ал 16% "Бизнеске келісімшарттар алуға және тезірек дамуына мүмкіндік береді" деп есептейді.
Сайып келгенде мемлекеттік сатып алулардың мерзімі қысқарғанымен, қызмет көрсетушілер үшін жалпы заңнамадағы тәртіп өзгеріссіз қалды. Тек бизнес өкілі конкурсты жеңіп алу үшін құжаттарды уақытылы түгендеп, жылдам әрекет етуі тиіс. Бірақ сапа сақталуы шарт.
Ғазиза Мұхамеджанова, Шернияз Жалғасбекұлы