Салықтық реформа экономикаға қандай өзгерістер әкеледі?
Салықтық реформаның біз біле бермейтін тағы қандай қыр-сыры бар?
Бюджеттік-салық саясаты туралы өткен айдан бері айтылып келе жатыр. Әлі күнге дейін бұл тақырып қоғам арасында қызу талқыланып жүр. Жалпы қордағы тапшылық, шығынның артуы неден басталды?
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Салықтық реформаны биылдан кешікпей қолға алудың бір емес, бірнеше себебі бар. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, бюджеттік шығын көлемінің күрт өсуі 2020 жылы байқалды. Пандемия басталғалы бері жыл сайын Ұлттық қордан түрлі мақсатта шамамен 4 трлн теңгеден астам қаржы бөлініп келген.
Қомақты қаражат осы уақытқа дейін экономикалық дағдарыс мәселесін шешуге, жалақы, зейнетақы және жәрдемақы көлемін арттыруға жұмсалған. Осыған байланысты бүгінде бюджеттік тапшылық орнын толтыруға қажетті базалық шек мөлшері артып отыр. Егер де теріс динамика осылай жалғаса берсе, 2029 жылға қарай Ұлттық қор активтерін 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу тапсырмасының орындалмай қалу қаупі жоғары.
Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Қосымша құн салығы мөлшерлемесінің артуы, әлбетте, баға өсіміне алып келетіні жасырын емес. Мұны біз де, кәсіпкерлер де, тұтынушылар да түсініп отыр. Алайда қосымша құн салығынан түсетін кірісті біз зейнетақы мен жәрдемақыны инфляциядан қорғау үшін индекстеу жұмыстарына бағыттаймыз. Индексация құны 800 млрд теңгеге жуықтайды.
Арман Балтабайұлы, жүргізуші:
- Жаңа салықтық тәртіп күшіне енсе, шағын және орта бизнес иелері үйреншікті табыстан қағыламыз деп, олардың көлеңкелі бизнеске кетіп қалу қаупі бар ма? Бұл мәселе жөнінде сарапшылардың болжамы қандай?
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Әлбетте, мұндай тәуекел жоқ емес, бар. Алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша елдегі көлеңкелі экономика үлесі 17%-тен асты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елдегі жалпы ішкі өнім көлемі 119 трлн теңгені құраса, оның 20 трлн теңгесі осы жоғарыда айтылған заңсыз кәсіпкерлік үлесіне тиесілі. Мысал үшін орташа салықтық жүктемені 10%-тік мөлшерлемемен алған жағдайда да, халық қазынасы жылына шамамен 2 трлн теңге салықтан қағылып отыр. Осыған байланысты салық төлеуден жалтарып жүргендерді анықтау жұмыстары қарқын алды. Мәселен былтыр құзырлы органдар бой тасалап, табысын жасырып жүрген кәсіп иелерін әшкереледі. Салықтық әкімшілендіру арқылы шамамен 1 трлн теңге көлемінде кіріс өндіріп алынды.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Ал енді біз қазір тағы да ҚҚС мөлшерлемесін 20% өсіретін болсақ, ол жерде бәсекеге шыдай алмай, салықтық ставкаға төтеп бере алмай, көлеңкелі экономикаға өткізіп алу қаупіміз бар немесе олардың қосарланған бухгалтерия жүргізуі мүмкін. Мемлекетке салынатын салықтар бір бөлек болады да, табыстарды олар жасырып қалады.
Арман Балтабайұлы, жүргізуші:
- Жаңа Салық кодексі жобасында қанша салықтық тәртіп ұсынылған? Қателеспесем, қазіргі қолданыстағы заңда олардың саны 10-ға жуықтайды.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Иә, нақтырақ айтсақ, қолданыстағы Салық кодексінде 8 салықтық режим бекітілген. Алайда кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша жаңа құжат жобасында олардың саны 3-ке дейін қысқартылып отыр. Біріншісі өз-өзін жұмыспен қамтушыларға қатысты. Салық мөлшерлемесі – 4%. Екіншісі жоғарыдағы сюжетте айтылған жеңілдетілген салық режимі болса, үшіншісі шаруа қожалықтарын қосымша құн салығынан толық босатуды қарастырады.
Ләззат Жанмолда, экономист:
- Халықтың тарапынан айтатын болсақ, ол өнімдердің қымбаттап кетуі, олардың сатып алу қабілетінің тағы да төмендеуі деген сияқты. Екінші жағынан бұл жаңадан іс бастап жатқан кәсіпкерлердің бізге кедергі келе ме, оның үстіне несиемізді төлейміз, оның үстіне салық көп болып кетсе, өнімімізді өткізе алмай қалған кезде бұл біздің кәсібімізге белгілі бір мөлшерде зиянын тигізеді немесе банкроттыққа ұшырап жабылып қалуға әкеледі деген сияқты қорқыныштар бар.
Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП президиум төрағасы:
- Білім, медицина, ауыл шаруашылығы салаларындағы тариф саралануы қажет. Екіншіден, бизнеске тең жағдай жасалуы керек. Сонда кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін бизнесін бөлшектемейді.
Арман Балтабайұлы, жүргізуші:
- Салық мөлшерлемесінің көтерілуі бірқатар ірі жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретінін айттық. Қосымша құн салығынан түсетін кіріс нақты қандай салаларды дамытуға бағытталады?
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Қаражат АӨК, қорғаныс саласы, инфрақұрылым, өңдеу өнеркәсібін нығайтуға бағытталмақ. Статистикалық мәліметке қысқаша тоқталып өтсем.
Таяуда Үкімет қосымша құн салығының мөлшерлемесін саралап енгізуді ұсынды. Оның ішінде кей салаға 16%, енді біріне 10% деңгейінде аралық мөлшерлеме қарастырылған. Жыл сайын бюджетке қосымша 4-5 трлн теңге түседі деген болжам бар Жалпы елде қазір 2,3 млн салық төлеуші бар. Оның ішінде 136 мыңы қосымша құн салығын төлеуге міндеттелген. Алайда іс жүзінде тек 88 мыңы ғана ҚҚС-ты тұрақты түрде төлейді. Экономикада «бюджет табысы мен жалпы ішкі өнімнің ара қатынасы» деген өлшемдік ұғым бар. Қазақстанда бұл көрсеткіш небары 23%-ке тең. Басқа дамушы елдерде 35-47% аралығында. «Салықтық реформа осы деңгейді арттыру үшін ұсынылып отыр», - дейді Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері.
Елде 2,3 млн салық төлеуші бар
Оның ішінде 136 мыңы ҚҚС төлеуге міндеттелген
Іс жүзінде тек 88 мыңы ғана ҚҚС төлейді