Елімізде алкогольсіз сусын өндірісінің қарқыны бәсеңдеді
Елде алкогольсіз сусын өндірісінің қарқыны бәсеңдеді. Соңғы он жылда елде өндірілетін шырынды сусын көлемі 100 млн литрге дейін төмендеген.
Бұл туралы Алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілері қауымдастығының төрағасы Әлия Мамытбаева мәлімдеді.
Қауымдастық өкілдері бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, индустрияның ел экономикасындағы рөлін талқылады. Елде алкогольсіз тәтті сусын өндіретін ірілі-ұсақты 25 кәсіпорын бар. Олардан жыл сайын ел қазынасына және бюджеттен тыс қорларға 108 млрд теңгеден астам салық түседі.
«Алайда қажетті шикізаттың бәрі сырттан алынатындықтан, қосымша шығын құны құбылып тұр», - дейді саладағылар. Импортталатын сусындармен бәсекелесу үшін бағаны қолжетімді ету міндеті тағы бар. Сондықтан қауымдастық қазір талқыланып жатқан қосымша құн салығына қатысты алаңдаушылығын білдіріп отыр. Іс-шараға Ұлттық экономика, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері мен Мәжіліс депутаттары да қатысып, сала өкілдерінің айтарына құлақ түрді.
Тимур Жаркенов, «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары:
- Мемлекет басшысының өзі атап өткен шараларды іске асыру керек. Ол терең талдау жүргізіп, сарапшылардың пікіріне сүйеніп, әр саланың үніне құлақ түруді міндеттеді. Сәйкесінше, әрекет етуді тапсырған болатын. Бүгінгі іс-шара талдауға негізделген сусын шығарушылардың ұстанымын білу үшін ұйымдастырылып отыр. Яғни, қазіргі ахуал қандай? Бұл саланы әрі қарай дамыту үшін не істеу керек? Бұл жердегі басымдық – саланың дамыту. Демек, салықты ұлғайту арқылы қысқамерзімді нәтижеге жеткенше экономикалық тұрғыдан тұрақты даму жолын таңдаған дұрыс болар.