Қостанай облысында неміс технологиясымен құрғақ саумал өндіріледі
Қостанай облысының Каменскуральск ауылында жыл бойы бие сауылып, құрғақ саумал өндіріледі, деп хабарлайды 24kz.
Кәсіпорында неміс технологиясы қолданылады.
Отандық өнім әзірге ішкі нарықта сатылып жатыр. Болашақта ұлттық сусынның ұнтақталған түрін экспортқа шығару жоспары бар.
Немістер жарты ғасыр бұрын қымыз өндірісін жолға қойып, әлдеқашан патенттеп алған. Олар бие сүтінің құнарлылығын жоғалтпаудың барлық амалын қарастырған. Қазір сол технология осы фермада қолданылады. Сауудан бастап дайын өнім шыққанға дейін аралық автоматтандырылған жүйемен реттеліп отырады.
Ажаркүл Мұхамеджанова, сауыншы:
- Он бес жыл жұмыс істеп жатырмыз осында. Анда қолмен саудық. Ал қазір мына аппаратпен. Аппаратпен жақсы. Оңай. Төрт дойкадан 35 бие сауамыз.
Өндіріс барысында саумалдың құрамы, температурасы үнемі бақылауда болады.
Евгений Щербинин, технолог:
- Сүт құбырмен 700 литрлік салқындатқыш танкке келіп түседі. Бұл жерде +4 градусқа дейін салқындатылады. Одан кейін пастерлеу аппаратында өңделеді. Температураны бақылау арқылы бие сүтінің табиғи құрамын барынша сақтауға тырысамыз. Соңында сұйықтықтың бәрі сублиматорлық камераларға жіберіледі.
Сейфке ұқсас мына сублиматорлық камераларда саумал мұздатылып, қатырылады. Сосын сәл қыздырылып, құрамындағы су буға айналады. Пайдалы заттың бәрі сақталып қалады. Және құрғақ қалпында екі жылға дейін құнарлылығын жоғалтпайды. Ал енді ана сүтімен теңестірілетін саумалдың талай ауруға ем екендігі баршаға мәлім. Қазір фермада мыңнан аса Көшім жылқысы бар. Соның күніне 35-40 сауылады.
Ермек Талтыкеев, ферма басшысы:
- Биылдан бастап біз қысы-жазы бие байлаймыз. Әзірге күніне 100-150 литр сүт аламыз. Болашақта бұл көрсеткішті екі есеге көтеріп, 300 литрге дейін сүт саусақ деген межеміз бар. Сонда құрғақ саумал өндірісін жылына 40 тоннаға жеткіземіз.
Мұның сыртында отандық ферма Германия компаниясымен бірлесіп, жылқы сүтінен косметология өнімдерін және балалар мен спортшыларға арналған тағамдар шығаруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг