Елде бидай экспортына субсидия төленуі мүмкін

Елде бидай экспортына субсидия төленуі мүмкін. Бұл үшін республикалық бюджеттен 40 млрд теңге қаралады, деп хабарлайды 24kz

Жоба талқыланып жатыр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі экспорттық бағытқа қарай көлік шығындары тоннасына 20 мың немесе 30 мың теңге көлемінде өтелетінін айтты.

Астық экспорты бойынша әлеуетіміз қандай?  

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Ауыл шаруашылығы министрлігі екі млн тонна бидайды экспорттауға көмек береді. Көлік шығындарын азайту үшін бюджеттен 40 млрд теңге бөлмекші. Оның аясында астықты экспорттау кезіндегі ұлттық компаниялардың агроөнеркәсіп кешеніндегі шығындарын да субсидиялау көзделеді. Қамтылған аумақ ауқымды.

Мәселен, Азов, Қара және Балтық теңіздерінің порттары бағытында Ресей арқылы транзитпен жеткізу үшін тоннасына 20 мың теңге, Әзербайжан мен Грузия аумағы арқылы Қара теңіз порттары бағытында транзитпен жеткізу тоннасына 30 мың теңге, Түрікменстан аумағы арқылы Ауғанстан немесе Иранға бағытталған транзитте тоннасына 20 мың теңге, ал Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бағытында Қытай аумағы арқылы транзитпен жеткізу үшін тоннасына 30 мың теңге субсидия берілуі мүмкін. Талқылаулар 16 ақпанға дейін жалғасады. Жоспарға сай көмекақы егінді жаппай жинау басталғанға дейінгі экспортқа беріледі.

 

Экспорт тасымалына не кедергі?

Отандық астыққа қызығатындар көп. Біз үшін де әлеуетті бағыттар бар. Бұл сапта Қытай, Еуропа елдері тұр. Әлемдік нарық болғасын, мұнда жоғары құн төленеді. Тек экспорттаушылар межелі бағытқа өнімін жеткізе алмай дал. Десе де, «Қазақстан темір жолы» компаниясы қыркүйек-қаңтар аралығында бұл бағытқа 660 мың тоннаға жуық астық жеткізілгенін хабарлады.

Зейнолла Әбдіманапов, Kazgrain ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы:

- Енді біздің өзіміздің өндірген білесіздер, биыл көп жинап алдық, дәнді дақылдардың өзіндік құны төмендеді деген сөз. Төмендеген сайын өзінің экспорттық құны баға өссе, бізге келетін құн пайдасы көбірек келеді. Бірақ біз ол елдерге шыға алмаймыз. Өйткені Қытай тарапына жарты жыл болды, жарты жыл бойы тек қана Қытай тарапын жабумен келе жатыр. Біз тек қана хабарландыру аламыз. Қытайды жапты 15 күнге жапты. 15 күннен кейін ашылған жағдайдың өзінде жағдайдың берілген жоспардан бұл келісілмейді. Бірақ соған қарамастан, бізге ақпараттар келеді. Біз 1 млн, 1,5 млн тонна экспорттадық деп. Бірақ енді менің қолымда ондай ресми ақпарат болмағандықтан, сізге айта алмаймын қалай жібердік деген сұрақ менде туындайды. Біз нарыққа қалай жібердік? Егер бізде «Қазақстан темір жолы» тарапынан тыйымдар болса. Тыйым салынған болса, ол нарық бізге жабық болса, біз қалай шығардық?

 

Экспорт аумағы кеңейеді

Жалпы күзден бері еліміз 4,8 млн тонна астық экспорттады. Бұл 2023-2024 жылдардағы көрсеткіштен 47%-ке көп. Ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының айтуынша, дақылдар экспортын әлі де жетілдіруге мүмкіндік бар. Оның үстіне өнім сапасы алдыңғы жылғыдан жоғары. Қазір қауымдастық құрамында 64 компания бар. Олар Орталық Азиямен де, Еуропамен де байланыс орнатқан. Иран мен Әзербайжанға да астық жеткізіп келді. Өнімнің өзіндік құны көтерілгесін, жеткізушілер қамту ауқымын кеңейте түсуге мүдделі.

Зейнолла Әбдіманапов, Kazgrain ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы:

- Енді Еуропада бізде Балтық елдері Эстония, Латвия, Литва елдері. Сонымен қатар мынау Италия біздің дурум деген бидайдың түрі болады. Сол дурумға қызығушылық білдіріп отыр. Және Бельгия мен Польша біздің майлы дақылдар, соның ішінде зығырға көп қызығушылық танытып отыр.

 

Ішкі нарық та назарда

Мамандар отандық нарық та астықтан кенде болмайтынын айтады. Ішкі сұранысқа шаққанда, халыққа 3,5 млн тоннасы қажет. 4 млн тоннасы мал азығы ретінде қолданылады. Былтыр 26 млн тонна астық жиналды. Демек, 19 млн тоннадайын сыртқы нарыққа шығаруға әбден болады. Трейдерлер межені орындауға дайын отыр. Алайда, кедендегі кедергі, теміржолды дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру назарға алынса дейді.