Қазақстанда уран өндірісі 10% артты
Елде уран өндірісі 10% артты, деп хабарлайды 24kz.
2023 жылы 21 тоннадан аса уран өндірілсе, былтыр бұл сан 23 мың тоннадан асты. Биыл да уран өндірісі артып, экспортқа жіберілетін дайын өнім ұлғая түспек. Ол үшін шикізаттың мол қоры бар кен орындарында барлау жұмыстары жүргізілмек.
Әлішер Әли, тілші:
- Бетпақдалада жүрміз. Мидай жазық дала. Ұшқан құс та, жүрген аң да, жыбырлаған жәндік те көрінбейді. Иә, Бетпақдала осылай танымал. Ен жатқан дала. Жерүсті байлығы аз болса да, жерасты толып тұрған қазына. Мәселен мына бір ұңғыманың өзінен күніне 200 келіге дейін уран шығады. Ал, бұл жерде оның саны 2 мыңнан асады.
Түркістан облысына қарасты Тайқоңыр ауылының төрінде орналасқан кеніште 800-ден аса адам жұмыс істейді. Солардың бірі – Пернебек Дауылбаев. 24 жыл бұрын қарауыл боп кірген ол қазір уран өндеу саласының тіс қаққан шебері.
Пернебек Дауылбаев, құрылыс супервайзері:
- Дәл қазір осы полигон аймағының супервайзерімін. Ең алғаш 2001 жылы осы жаққа қарауыл болып кіргенмін. 2002 ден бастап апаратчик гидрометталург болдым. Одан кейін полигонға компрессор бөліміне бардым.
Әлемде уран өндірудің 3 әдісі бар. Олар карьерлік, шахталық және жерасты ұңғымалы шаймалау тәсілдері. Жерасты ұңғымалы шаймалау әдісі елге 2017 жылы енгізілді. Мамандардың айтуынша, мұның экологиялық зияны аз.
Әлібек Ассауов, кеніш директоры:
- Жалпы жер асты сілкілендіру процесі ол экологияға барынша аз кері әсерін тигізеді. Себебі біз ашық түрде уранды өндірмейміз.
Әлішер Әли, тілші:
- Менің оң жағымдағы құрылғылар арқылы күкірт қышқылы жер астында сіңеді. Сөйтіп, уранды ерітеді. Ал, уран оң жақтағы сору құрылғысы арқылы керекті зауытқа жіберіледі.
Шикізат зауытта бірнеше өңдеуден өтеді. Тұндырылады. Сүзіледі. Қыздырылып, кептіреледі. Содан кейін бірақ дайын болады. Тайқоңырдағы кеніш күніне 10 тоннаға жуық уран өндіреді. Мамандар: «Мұндағы қор алдағы 30 жылға дейін жеткілікті», - дейді.
Әлібек Ассауов, кеніш директоры:
- Жалпы бізде уран қоры жеткілікті деп айтсам болады. Ол нақтырақ айтатын болсақ, 2056 жылға дейін жететін уран қоры бар.
Елде 27 кен орыны игеріліп жатыр. Олар 14 уран өндіруші кәсіпорынға бөлінген. «Қазатомпром» тағы 5 учаскені барлау құқығына ие болды. Биыл ұлттық компания 25 мың тоннадан аса уран өндіруді жоспарлап отыр.
Авторы: Әлішер Әли