Елге қант өнімдерінің жартысынан көбі сырттан келеді
Елімізге қант өнімдерінің жартысынан көбі сырттан келеді. Бір жылда импорт 14%-ке артыпты. Дегенмен шаруалар рекордтық деңгейде қант қызылшасын жинады. Егіс алқабы да кеңейген. Бұл импортқа тәуелділікті жоя ма?
Қант өңдеу орындарын көбейту керек
Жетісу облысында үшінші қант зауыты салынуы мүмкін. Қазір инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осылайша тамыр дақылдарын өңдеу көлемін 1 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланады. Сонымен қатар Атырау облысында жылына 144 мың тонна қант өндіретін зауыт салу көзделеді. Мұның маңызы зор. Өйткені былтыр елде 1,2 млн тонна қант қызылшасы жиналды. Рекордтық көрсеткішке алқаптың кеңеюі де ықпал етті. Дегенмен түсімді өңдеуде кедергі бар. Қолданыстағы зауыттардың жалпы қуаты 1 млн гектарды ғана өңдеуге жетеді. Демек қуаттылықты арттыру керек немесе егіс алқабын қайтадан қысқартуға мәжбүр боламыз. Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин қант өңдеу зауыттарын көбейту керектігін айтты. Алайда жобаның қымбатқа түсерін және құрылыстың ұзаққа созыларын ескертті.
Шаруаларға субсидия беріледі
Соған қарамастан алдағы бес жылда ішкі қажеттілікті толық өтеу жоспары бар. Әзірге елдегі қант өндірісі қарқынды емес. Ұлттық статистика көрсеткендей, тұрғындар жылына 550 мың тонна тәтті өнімді тұтынады. Оның жартысынан көбін импорт қамтып отыр. Мамандар елде қант қызылшасы алқабының әлі де жеткіліксіз екенін айтады. Мұның салдары азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан құзырлы министрлік отандық өндірісті жетілдіру бойынша жедел шаралар қабылдауға көшті. Атап айтқанда, дақылдарды сатып алу, күту, тыңайтқыш алу, суару шығындарын өтеуге субсидия беру көзделеді. Қызылшаны қайта өңдеу де басты назарда. Бір келі тәтті тұқым үшін шаруаларға 25 теңге көмекақы ұсынылады.
Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Агро азық-түлік нарықтары департаменті директорының орынбасары:
- Былтыр қант алқабы кеңейтіліп, 25 мың гектарға жеткізілді. Бұған дейін 11 000 гектар болған еді. Орташа өнімділік те өсті. Оған дұрыс технологияны сақтау, өсімдікті қорғау жұмыстары оң әсер етті. Сөйтіп, рекордтық көлемдегі өнімді алдық. Осы 1 млн тоннадан аса қант қызылшасынан 120 000 тонна қант алуға болады.
Шикізатты да импорттаймыз
Қазір өндіріс орындары шикізатты сырттан алып амалдап отыр. Сауда және интеграция министрінің орынбасары Айжан Бижанованың айтуынша, жыл сайын 300 мың тонна көлемінде қант құрағын әкелуге квота бекітіледі. Алайда былтыр оның 30%-і ғана игерілген. Бұған қамыс шикізатының жоғары құны мен ЕАЭО елдеріндегі өндірушілер тарапынан бағаның демпингке ұшырауы әсер етті. Ал сенатор Әли Бектаев: «Импортқа тәуелділіктің салдары көп», – дейді.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бүгінде елімізде төрт қант зауыты жұмыс істейді, олар 8,7 мың тонна қант қызылшасы мен 2,4 мың тонна қамыс қантын өңдейді. Алайда кәсіпорындардың технологиялық көнеруі және Ресей мен Беларусьтен келетін арзан импорттың басымдығы саланы тоқыратып отыр. Қазақстанның қант нарығындағы импортқа тәуелділік осындай ахуалға байланысты ұзақ жылдар бойы қалыптасты.
Қант экспорты 13 есе өсті
Бір қызығы, елде қант экспорты 13 есе өсті. Былтыр сыртқы нарыққа 126 мың тоннасын жөнелттік. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, отандық өнімді Орталық Азия елдері мен Ауғанстан алып отыр. Ал импорттың басым бөлігі Ресей, Бразилия және Беларуське тиесілі.
Еске салайық, қазір құзырлы органдар қант импортың 17%-ке дейін қысқартудың амалын жасап жатыр. Кешенді жоспар 2026 жылға дейін межеленген.