Елімізде шортан мен тұқы балығын экспорттауға тыйым салынады
Үкімет шортан мен тұқы балығын экспорттауға тыйым салмақ, деп хабарлайды 24kz.
Себебі көрші елдер бұл балықтарды мұздатылған күйінде сатып алып, өңдеп, өзімізге қымбатқа қайта сатып отыр. Қазір жайын мен көксеркені шикізат күйінде шетелге шығаруға болмайды. Бұл отандық зауыттарды шикізатпен қамтуға да оң әсер етті. Кейінгі жылдары елде балық кәсіпорындарының саны өсіп келеді. Мемлекет тарапынан да қолдау бар. Мысалы, инвестор салған қаржының 25%-ін мемлекет тарапынан өтеледі.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- «Қалауын тапсаң, қар жанар» деген. Бабын тапқанға балық берекелі бизнес көзіне айналды. Саланың өркендеп келе жатқаны рас. 2030 жылға қарай қолда өсірілетін балық көлемі 270 мың тоннаға жетуге тиіс. Бұл мақсатта төрт жыл бұрын арнайы бағдарлама қабылданды. Кейінгі жылдары шаруашылықтар саны күрт өсті. Қазір елде 502 балық шаруашылығы тіркелген. Ал бағдарлама қолға алынғанда 200-дің шамасында еді.
Шаруашылықтарға мемлекеттен қолдау көрсетіледі. 2 млрд 400 млн теңге бөлінді. Яғни, субсидиялау жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, инвестицияның 25%-і, балық қорегінің 30%-і субсидияланады. Бұдан бөлек, уылдырықтарды, шабақтарды сатып алуға жұмсалған шығынның 50%-і өтеледі. Сондай-ақ дәрі-дәрмек шығынының да жартысы қайтарылады. Ал егер фермер тоған қазып, оның биологиялық негіздемесін жасауға ғылыми ұйымға тапсырыс берсе, оның да 50%-ін мемлекет төлейді. Жалпы Үкімет тарапынан субсидия алу үшін ірі шаруашылық құру міндетті емес.
Балық шаруашылығын субсидиялау
Барлығы – ₸2,4 млрд
Инвестиция – 25%
Балық жемі – 30%
Уылдырық, шабақ – 50%
Дәрі-дәрмек – 50%
Биологиялық негіздеме – 50%
Аян Бахиянов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:
- Бізде шағын болсын, үлкен болсын, кіші болсын қарамайды. Тек қана, ең бастысы, жасанды балық өсірумен айналыссаңыз, сізге балық шаруашылығын дамытуға субсидиялар қарастырылған, міндетті түрде беріледі. Көбінесе оңтүстік өңірлерде ауласында, есігінің алдына кішкентай бассейн қойып қояды да, 2-3 тонна балықтарын бүгінгі таңда өсіріп жатыр. Әсіресе, Түркістан, Шымкент қаласында, Түркістан облысында шаруашылықтар бар. Оларға субсидия беріледі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр отандық өндірушілер 20 мың тоннаға жуық балық экспорттады. Жалпы құны 64 млн долларға жуықтайды. Негізгі тұтынушылар – Ресей, Өзбекстан, Қытай, Дания мен Литва. Ал импорт көлемі экспорттан бірнеше есе артық. Қазақстандықтар құны 174 млрд доллар болатын 47 мың тонна балық өнімін сатып алды. Алғашқы бестікте Ресей, Түркия, Норвегия, Эстония мен Латвия бар.
Балық саудасы
Экспорт
19,5 мың тонна – $63,8 млн
Ресей, Өзбекстан, Қытай, Дания, Литва
Импорт
47,3 мың тонна – $173,7 млн
Ресей, Түркия, Норвегия, Эстония, Латвия
Елде балық өңдеумен ірілі-ұсақты 72 кәсіпорын айналысады. Бұлар жылына 100 мың тонна балық өңдеуге қауқарлы. Алайда былтыр кәсіпорындардың өңдеген өнімі 33 мың тоннадан сәл асты. Себеп – шикізат жетіспейді. Кәсіпкерлердің айтуынша, балықтың негізгі бөлігі шикізат түрінде шетел асып жатыр. Сондықтан балықтың кейбір түрін экспорттауға тыйым салынған. Бұл тізімде көксерке, жайын балықтары бар. Енді осы тізімге шортан мен тұқыны енгізу көзделіп отыр.
Балық өңдеу саласы
72 кәсіпорын
Өндірістік қуаты – 100 мың тонна
33,1 мың тонна балық өңделді
Аян Бахиянов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:
- Шыны керек, көбінесе өңделмей кетіп жатыр сырт елге. Олардың енді өңделмей шығарады, сосын біздің балықтың шикізатын өңдейді де, қайтадан бізге сатып жатыр. Сондай мәліметтер бар. Сондықтан біз сол тізімді ұлғайтуға жұмыс жасап жатырмыз. Алдағы уақытта біз немесе түпкілікті тыйым саламыз немесе осындай шектеу қоямыз.
Дегенмен, балық шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі шамалы. Мәселен былтыр салаға құйылған инвестицияны субсидиялауға 815 млн теңге қарастырылды. Алайда оның 174 млн теңгесі ғана жұмсалды. Себебі инвестициялық субсидияны алудың талаптары оңай емес. Мәселен, балық өңдейтін зауытқа құйған инвестицияға субсидия алу үшін тәулігіне 1 тонна балық өңдеуі шарт. Ал мұндай қуатты зауытты кез келген кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Сондықтан қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі талаптарды жеңілдетуді ойластырып жатыр.
Фермерлерді қинайтын тағы бір мәселе – балық қорегі. Елде жем шығаратын зауыт жоқ. Сала шетелдік өнімге толық тәуелді.
Аян Бахиянов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:
- Балықтың жемін шығаратын зауыттар жеткіліксіз. Бүгінгі таңда жоқ десек те болады. Кішкентай әрбір шаруашылықтың өзінің цехы бар балық жемін шығаратын. Ал енді үлкен көлемде, үлкен масштабта республика бойынша шығаратын сапалы балық жемін шығаратын кәсіпорындар жоқ. Сондықтан біз оған да субсидия ретінде бизнес қызығушылық танытса, 25% субсидия ретінде қайтару қарастырылған.
Төребек Игіліков, кәсіпкер:
- Қазақстаннан шығарылып жатқан жемді айтады ғой енді, көбінесе сапасы деп. Бірақ ол жем де жақсы, бірақ ең мықты жем – польский жем, Польшадан келіп отырған жем. Соны айтып тұрмын мен де, соны көбінесе береміз. Одан өсуі де тез болып тұр балықтың, ауруы жоқ, өсуі тез болып тұр. Өзіміздің де жемдер бар. Олар да жақсы, бірақ енді шамалы өсуі дұрыс болмай қалып тұр да.
Жалпы су айдындарында балықты молайту көзделіп отыр. Ол үшін мемлекеттік баланстағы кәсіпорындардың қуатын арттыру жоспары бар. Соның арқасында балық шабақтарын өндіру көлемі ұлғаяды. Мәселен бекіре шабақтары жылына 8 млн-ға көбеюге тиіс. Сондай-ақ тұқы шабағы 15 млн-ға, ақ балықтар 100 млн-ға дейін артпақ. Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде саланы дамытуға 269 млрд теңге жұмсалады. Бұдан бөлек тағы 340 млрд теңге жеке инвестициялар бағытталады.