Қазақстан экономикалық рейтингте жоғарылады

Қарыз күліп кіреді әрине. Десек те экономика үшін инвестиция қажет-ақ. Онсыз даму жоқ. Осы орайда еліміз де қарызсыз емес.

Ұлттық банктің дерегі бойынша Қазақстанның сыртқа берешегі 172 млрд долларға жуық. Оның 14 млрдтан астамы – мемлекеттікі, қалғаны – экономикаға қызмет ететін субъектілер, яғни мемлекет бақылауындағы банктер мен кәсіпорындардың, жеке сектордың борышы. Негізгі кредиторлар – халықаралық қаржы институттары мен дамыған елдер. Экономист Бауыржан Ысқақ Қазақстан берешегін уақытында қайтаратын мемлекеттер қатарында екенін айтады. Қазір елдің инвестициялық климаты қалыптасты. Әрине, доллардың құбылуы, мұнай-газ сияқты салаларда бағаның түсуі – қиындық тудыруы мүмкін. Көлеңкелі экономика да төлемді кешіктіруге себеп болып жатады. Дегенмен «Ұлттық қор мен экономика үшін сырттан келетін инвестициялық қаражаттың көп болуы зор маңызға ие», - дейді экономист.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Егер мемлекет сыртқы инвесторларға ашық болатын болса, өзінің қаражатының қайда жұмсалып жатқанын нақты көрсете алатын болса, көлеңкелі экономика дәрежесі төмен болатын болса, мемлекеттің экономикаға салып жатқан қаражатының көрсеткіштері айқын болатын болса, сол салаға, сол мемлекетке сыртқы мемлекеттер, қаржы институттары ақша құяды. Сол тұрғыдан алған кезде Қазақстан Орталық Азияда ашық экономикасы да, саяси тұрақтылығы да мығым мемлекет болғандықтан, Қазақстан сияқты мемлекеттерге сырттан келетін инвестиция, оның ішінде қарыздардың да ағыны көбейе береді.

Жоғарыда атап өткендей инвестициясыз даму қиын. Экономикасын мұнайға тәуелділіктен арылтуға бет бұрған еліміз үшін өндіріс, шаруашылықтарды кеңейту міндет. Бұл қазір құрғақ сөз емес, нақты меже. Қазақстан кейінгі екі жылда халықаралық бәсекеге қабылетті экономика рейтингінде 43-ші орыннан 34-ші орынға көтерілді.