Қазақстанның Түркиямен жүк тасымалы 50 есеге артқан

Қазақстан мен Түркия арасында да жүк тасымалының көлемі біршама өскен.

Кейінгі бес жылда арадағы алыс-беріс 50 есеге дейін артып, екі жақты сауда байланысы нығайып келеді. Сарапшылар бұл серпілісті Орта дәліздің қарқынды дамып, Еуропа мен Азия арасындағы балама логистикалық бағыттардың дамуымен байланыстырады. 

Кейінгі бес жылда Қазақстан мен Түркия арасында тауар айналымы айтарлықтай өсті. 2020 жылы алыс-беріс көлемі 2,3 млрд долларды құраса, өткен жылдың басында бұл көрсеткіш 6,7 млрд долларға жеткен. Яғни сауда көлемі шамамен үш есе артқан. Сәйкесінше екі ел арасында жүк тасымалы да еселеген. 2020 жылы Түркия арқылы Қазақстанға жылына небәрі 50 жүк көлігі өтсе, былтыр бұл көрсеткіш 50 есе көбейіп, 2500-ге дейін жетті. Сарапшылар бұл өзгерісті екі ел арасындағы сауда айналымының ұлғаюы және жаңа логистикалық бағыттардың ашылуымен байланыстырады.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ АРАСЫНДАҒЫ ТАУАР АЙНАЛЫМЫ 

2020 жылы $2,3 млрд  50 жүк көлігі

2025 жылы $6,7 млрд  2500 жүк көлігі

Фатих Шенер, Түркияның сыртқы экономикалық байланыстар кеңесі логистика комитетінің төрағасы:

- Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасында үш негізгі бағыт бар: Ресей аумағы арқылы тікелей автокөлік жолы. Ақтау немесе Құрық порттарынан Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға, одан әрі Түркияға шығатын бағыт. Сондай-ақ Қазақстан-Өзбекстан-Түрікменстан-Иран арқылы Түркияға жететін құрлық жолы. Осы бағыттардың барлығы екі ел арасындағы сауда мен тасымал көлемінің тұрақты өсуіне ықпал етіп отыр.

Қазақстан мен Түркия арасындағы тасымалдың 86 %-ы автокөлік арқылы жүзеге асады. 7 %-ы әуе жолымен, қалған 7 %-ы Каспий теңізі арқылы тасымалданады. Автокөлік бағытына жылдам әрі тиімді болуына байланысты сұраныс жоғары. Сонымен қатар, Баку–Тбилиси–Карс теміржолымен блок-пойыздардың тұрақты қатынауы Орта дәліздің өткізу қабілетін күшейтті. 

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ АРАСЫНДАҒЫ ЖҮК ТАСЫМАЛЫ

86% - автокөлік

7% - әуе жолы

7% - Каспий теңізі арқылы 

Дегенмен, сарапшылар тасымал ісінде олқылықтар барын айтады. Әсіресе, кеден  мен рұқсат құжаттарын рәсімдеу процесі күрделі. Мәселен үшінші елден жүк жеткізуге рұқсаттың талап етілуі жұмысты едәуір қиындатып отыр.

Фатих Шенер, Түркияның сыртқы экономикалық байланыстар кеңесі логистика комитетінің төрағасы:

- Қазақстан ұлттық бірлестіктерін қолдау мақсатында тасымалдың 26%-ын қазақстандық көліктер атқаруы тиіс деген талап қойған. Яғни әр 1000 жеткізілімнің 260-ы сіздің елге тиесілі болуы керек. Алайда кейінгі жылдары Түркия бағытында жұмыс істейтін қазақстандық тасымалдаушылар азайды. Соның салдарынан біздің тарап квоталық талаптарды орындауда қиындыққа тап болып отыр.

Мамандардың пікірінше, егер кедендік рәсімдер цифрландырылып, «бір терезе» қағидаты толық енгізілсе, жүк тасымалының көлемі одан әрі артады.

Дилара Беррак Тархан, сарапшы:

- Түркия мен Еуропа елдерімен Кеден одағы аясында жұмыс істейді сондықтан оның жүйесі еуропалық талаптарға бейімделген. Ал түркі мемлекеттері арасында мұндай толық цифрлық интеграция әлі қалыптаспаған. Егер ортақ электронды жүйе немесе «бір терезе» қағидаты енгізілсе, жүк айналымы едәуір жеңілдер еді.

Жаһандағы геосаяси өзгерістерге байланысты Орта дәліздің маңызы артты. Қазақстан транзиттік әлеуетін күшейтіп, Орталық Азиядағы логистикалық орталық ретінде рөлі нығайып келеді. Ал Түркия Батыс пен Шығысты жалғайтын маңызды көпірге айналды. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, инфрақұрылым жетілдіріліп, әкімшілік кедергілер азайса, екі ел арасындағы жүк тасымалы алдағы жылдары тұрақты өсім көрсетеді.

Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков