БЖЗҚ өзгерістері: зейнетақы жинағын алу қиындай ма?
Зейнетақы жинақтарын пайдалану мәселесі қазақстандық қоғамда ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі болып қала береді. ҚР Еңбек және халықтық әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа, экономикалық тұрғыдан негізделген әдістемесіне көшуді бастады. Зейнетақы шотын неліктен банктік депозитпен шатастыруға болмайтыны және бұл өзгерістер болашақ зейнеткерлердің мүддесін қалай қорғайтыны туралы ҚР Еңбекмині Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментінің директоры Данара Қайролла айтып берді.
– Данара Назымқызы, реформалар туралы сөз қозғамас бұрын, негізгі ұғымдарға тоқталып өтсек. Ең төменгі жеткіліктілік шегі дегеніміз не және ол жүйе үшін неліктен қажет?
Жеткіліктілік шегі - бұл жай ғана қосымшадағы цифр емес. Бұл - міндетті жарналар есебінен қалыптасқан, адам зейнет жасына жеткенде оны төлемдермен қамтамасыз ету үшін аса қажетті зейнетақы жинағының ең төменгі сомасы.
Бүгінде қоғамда зейнетақы қаражатына күнделікті тұтынуға болатын қолжетімді ресурс ретінде қарау туралы қате түсінік қалыптасқанын түсіну маңызды. Көбі зейнетақы шотын кез келген уақытта шешіп алуға болатын қарапайым депозитпен шатастырады. Бірақ зейнетақы жинақтары — бұл «жылдам» ақша емес, бұл сіздің қарттық шақтағы қаржылық қорғанысыңыз. Мемлекеттің басты міндеті - азамат еңбек қызметін аяқтаған кезде күнкөріс қаражатынсыз қалмауына кепілдік беру.
– Егер жеткіліктілік шегі жүйесі бұрыннан бар болса, министрлікті есептеудің жаңа тәсілдерін іздеуге не итермеледі?
Қолданыстағы модельдің біз жоюға міндетті бірқатар әлсіз тұстары бар. Бүгінде шекті деңгейді есептеу кезінде болашақтағы зейнетақы жарналары ескеріледі, бірақ іс жүзінде олар адамға байланысты емес түрлі себептермен ұзақ уақыт бойы түспеуі мүмкін. Сонымен қатар ұзақ мерзімді экономикалық болжамдар әрдайым өзгеріске ұшырайды, бұл шекті деңгей мөлшерінің күрт құбылуына әкеп соғады.
Осы факторлардың жиынтығы болашақ зейнеткерлердің ертеңгі күні лайықты төлемдерді қамтамасыз ететін жинақ деңгейіне жете алмау қаупін тудырады. Біз осы тәуекелдерді барынша азайтуға тырысамыз.
– Жаңартылған модельдің басты айырмашылығы неде? «Актуарлық тәсіл» дегеніміз не?
Жаңа әдістеме аясында біз актуарлық тәсілге көшуді ұсынып отырмыз. Бұл зейнетақы аннуитетін есептеу кезінде қолданылатын қағидаттар енді жеткіліктілік шегін анықтау үшін бағдар болады дегенді білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, есептеу формальды индикаторларға емес, болашақ өмір бойғы төлемдердің нақты құнына негізделеді.
Бұл жағдайда аннуитет эталондық есептеу моделі ретінде алынады. Қаражатты алу мүмкіндігін қарастыру кезінде жүйе: «Шотта болашақ төлемдерді қалыптастыру үшін жеткілікті сома қала ма?» деген сұрақты бағалайтын болады.
– Бұл жеткіліктілік шегі бәріне бірдей және тұрақты болады дегенді білдіре ме?
Жоқ, жеткіліктілік шегі бұрынғысынша жас ерекшелігіне қарай сараланады. Бұл қисынды: азаматтың жасы неғұрлым үлкен болса, оның жинақ жинауға уақыты соғұрлым аз қалады, тиісінше шоттағы қалдыққа қойылатын талаптар да өзгереді. Сонымен қатар жеткіліктілік шегінің мәндері жаңартылған макроэкономикалық және демографиялық көрсеткіштерді ескере отырып, жыл сайын қайта қаралып отырады. Жаңа модель шекті деңгейді нақты өмірлік жағдайларға барынша жақындатады.
– «Егер ақша «дәл қазір» керек болса (мысалы, баспанаға), онда ондаған жылдар бойы жинаудың не керегі бар?» деген сұрақ жиі қойылады
Бұл - ұзақ мерзімді мүдделер мәселесі. Бұл әсіресе біздің жас азаматтарға қатысты. Зейнет жасына жеткенде олардың табысы жеке жинақтарынан және мемлекеттен берілетін базалық зейнетақыдан құралады. Егер барлық қаражатты бүгін жұмсап жіберсе, ертең базалық зейнетақының өзі үйреншікті жайлылық деңгейін қамтамасыз ете алмайды. Мемлекет азаматтардың ұзақ мерзімді мүдделерін дәйекті түрде қорғайды. Біз бүгін қаражаттың бір бөлігі пайдаланылған күннің өзінде, сіздің шотыңызда болашақта лайықты өмір сүруге жететіндей жеткілікті ақша көлемінің қалғанын қалаймыз.
– Қарапайым қазақстандық үшін бұл реформаның басты нәтижесі қандай болмақ?
Басты нәтиже - сенімділік. Жаңа модель зейнетке шыққан сәтте азаматтың жинақ көлемі жеткіліксіз болып қалу қаупін азайтады. Қайталап айтамын: зейнетақы шоты - бүгінгі шығындарға арналған қоржын емес, бұл сіздің қарттықтағы қаржылық қорғанысыңыз. Біздің мақсатымыз - осы қорғанысты сенімді әрі негізді ету.